Павлодар облысында шөп екі есе қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында шөп екі есе қымбаттады

07.08.2023

Павлодарда шөп бағасы екі есе қымбаттап бидай бағасымен теңесті. Ресейден сатып алып жатқан астықтың тоннасы 65 мың теңге. Ал шөптің тоннасы 60 мың теңгеден саудалануда. Биыл аймақта қуаңшылық қатты болып, 168 мың гектар егін алқабы күйіп кетті. 137 шаруашылық астықсыз қалды. Малға шөп жоқ. Бұқтарма су қоймасынан Ертіс өзеніне жылдағы нормадан су аз жіберілгендіктен шабындықтар кеуіп кетті. Шаруалар алдағы қыста малды қырып аламыз деп алаңдаулы.

Александр Косицын, шаруа:

Амалы тауысылған жұрт малын сойып жатыр. Шөп бағасы мен тауарлы бидай бағасы бірдей. Мен 30 жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Бұндай жағдайды көрген емеспін. Жыл өте қиын болып тұр.

Фермерлер мен шаруа қожалығы иелері облыс орталығына келіп, төтенше жағдай жариялауды сұрағанымен өтініштері қабылданбады. Бірақ шаруаларға келесі жылдың егінін жинаған соң несиені өтеуге мүмкіндік берілмек. Ал аймақтың тұрақтандыру қорына қажетті астықты Солтүстік Қазақстан облысынан сатып алу жоспарланып отыр. Мал шаруашылығымен айналысатындарға да жеңілдік жасалады.

Асайын Байханов, облыс әкімі:

Төрт түлік өсірумен айналысатын шаруаларға қолдау көрсету үшін субсидия көлемін ұлғайттық. Әсіресе аналық малды қыстан шығынсыз шығаруымыз керек. Мәселен бұрын әр басқа шөп дайындау үшін 7 мың теңге берілсе, енді 15 мың теңгеге көтердік.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу