Жамбылдағы бес ауылдың 60-тан астам балықшысы, Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасына ау сала алмай жүр. Өйткені әкімдік тарапынан тыйым салынған. Отбасымызды асыраудан қалдық деп ашынған ел көлге кіруге рұқсат беруді талап етті. Ал айдынға ау салуға неліктен тыйым салынған? Данияр Әлімқұл толықтырады.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Базынасын айтқан балықшылар көлге келіп, ау салу арманға айналды дейді. 2 жыл бұрын тормен ұстауға тыйым салыныпты. Содан бері өткел жағалап өзегі талған ел нәпақа таппай, налып жүр.
Ал ау салса, айыппұл арқалайды. Айдынды айнала қоршаған бес ауылдың балықшылары табыс табуға тиым салған әкімдіктің әрекетіне наразы. Айтуларынша, аймақ атқамінерлері жасанды көлді жалға алған кәсіпкермен келісе алмай, бірін-бірі сотқа сүйреген. Салдарынан көлге таластың кесірі бізге тиді деп ашулы.
Қанат Жексенбай, балықшы:
Ештеңке шешіліп жатқан жоқ. Барған сайын өзгеріп бара жатыр, өршіп бара жатыр. Қазір бізді суға жолатпайтын болды. Барсақ, бізді қысқасы браконьер қылып тастады.
Батырбек Садықов, балықшы:
Бәрі құдай! Орман шаруашылығы да құдай, инспекторы да құдай. Облыс әкімдігі да, республика деңгейіндегі органның бәрі. Мына кішкентай көлден не тауып жүргендерін білмеймін? Бәрі осы көлге қадалды да қалды ғой. Бұның артында біздің кландар тұр ғой. Не басқа жұмыс тауып берсін, не көлге кіргізсін.
Айтуар Қойгелдиев, балықшы:
Біз 40 жыл осы жерде балықпен ғана жұмыс істеп жатқан адамбыз. Медициналық сақтандыруға да төлейтінбіз, салықты да төлейтінбіз. Заңды түрде. Ешқандай бұзушылық болған жоқ. 1,5 айдан кейін ашылады, түсесіңдер, заңды түрде ұстайсыңдар деген. 2 ай өтті! Енді қыркүйек те келіп қалды ғой.
Талап бойынша балықты қармақпен ғана ұстауға болады. Кәсіби балықшылар мұндай әуесқойлық әмиянға ақша әкелмейді дейді. Сондықтан уақытша рұқсат беруді сұрайды. Әкімдік көлді күтіп ұстауға бекітілген бұрынғы басшымен есеп айырыспайынша, ешкімді кіргізгісі жоқ. Ал кәсіпкер көлге күтім жасамай, балық басын көбейтуді ұмыт қалдырғанға ұқсайды.
Бақытжан Жәнібеков – Шу ауданының әкімі:
Арызданушы облыстық соттан жеңілгеніне байланысты Жоғарғы сотқа шағымданған, кассацияға берген. Кассацияға байланысты, міне, Жоғарғы сотта қағаздары. Мен енді нақты уақытын айта алмаймын. Тек бұл жақта заң аясында ғана жұмыс істейді. Одан бөлек, басқа ешкім кірмейді кім болсын.
Бүгінде мемлекет меншігіндегі Тасөткелдің ендігі егесінің кім болатыны белгісіз. Оны 10 жыл жалға алған кәсіпкер мен әкімдіктің соты аяқталмай, көлге конкурс жарияланбайды.
Данияр Әлімқұл