Атырау облысында лагерьге бара жатқан жасөспірім пойызда қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында лагерьге бара жатқан жасөспірім пойызда қайтыс болды

07.08.2023

Атырау облысында лагерьге бара жатқан жасөспірім пойызда қайтыс болды. Денсаулығы күрт нашарлаған баланы дәрігерлер аман алып қала алмады. Ал өзге балалардың жағдайы жақсы. Олар лагерьге жеткен соң тағы тексеруден өтеді.

Жандос Темірғали, тілші:

Құзырлы орган өкілдерінен құрылған шұғыл топ қайғылы оқиғаның мән-жайын егжей-тегжей тексеруде. Барлығы 73 бала, және 4 тәлімгер «Атырау-Астрахань» теміржол бағыты бойынша Ресейдің Железноводск қаласында орналасқан «Қазақстан геологы» санаторийіне бара жатқан. 1,5 сағаттан кейін балалардың біреуі өзін нашар сезініп, жедел жәрдем шақырылады. «Нарын» станциясына келген дәрігерлер баланың қайтыс болғанын хабарлаған. Түстен кейін облыстық білім беру басқармасының басшысы брифинг өткізіп, қысқа ғана ақпаратпен бөліскен еді.

Ерлан Сламбеков, облыстық Білім беру басқармасының басшысы:

Атырау облыстық білім басқармасы құзырлы органдармен бірлесе отырып барлық мән - жайды толық тексеру үшін комиссия құрылды. Қазіргі уақытта баланың денесі сот - медициналық сараптамаға жіберіліп, қылмыстық іс қозғалды.

Жандос Темірғали, тілші:

Баланың неден қайтыс болғаны медициналық сараптамадан кейін ғана нақты белгілі болады. Бұрын денсаулығына байланысты медициналық тіркеуде тұрды ма жоқ па ол туралы мәлімет жоқ әзірге. 13 жасар жеткіншектің әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққаны айтылуда. Облыстық білім беру басқармасы баланың отбасына қажетті көмекті көрсетуді жоспарлап отыр.

Хабарламаларға жазылу