«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 1200-ден астам қызметкері марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 1200-ден астам қызметкері марапатталды

04.08.2023

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 1200-ден астам қызметкері марапатталды. Шара теміржолшылардың кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған. Ең үлкен құрметке салаға еңбегі сіңген мамандар ие болды. Оларға «Құрметті теміржолшы» атағы берілді.

Бүгін «Қазақстан темір жолы» қызметкерлері үшін ерекше күн. Кәсіби мереке қарсаңында компания басшылығы еңбек сіңірген 1200 маманды марапаттады. Ерекше құрметке бөленгендердің ішінде теміржолшы Сағыныш Қазмағамбетов те бар.

Сағыныш Қазмағамбетов, «Құрметті теміржолшы» белгісінің иегері:

35 жылдан аса еңбек етіп жатырмын. Алматы теміржол институтын бітірдім. Оның үстінде инженер-жолшы. Осы еңбегім бағаланып, өте қуаныштымын. Осы біздің компанияның, басшылардың ұсынысымен осындай мәртебелі, жоғары атаққа ие болып жатырмын.

Салтанатты жиын тамыздың алғашқы демалысында аталып өтетін теміржолшылардың кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған. Шарада «Адал еңбегі үшін», «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік басшы» сынды салалық атақтар берілді. Одан бөлек, 700-ден астам адам компания басшылығының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.

Сәуле Ахметбайқызы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Адами ресурстар департаментінің бас менеджері:

Ең үлкені – «Құрметті теміржолшы» деген атақ. Биыл бізде 76 теміржолшы сол атаққа ие болды. Жұмысшылар әр өңірден. 80 пайызы жәй жұмыскерлер. 

Бүгінгі таңда компанияда 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің ерен еңбегі арқасында жүк айналымы бойынша рекордтық көрсеткіштер тіркелді. Геосаяси өзгерістерге қарамастан, контейнерлік транзит көлемі артқан. Жаңа жолдардың құрылысы басталды. Локомотив паркін жедел жаңарту жүріп жатыр.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу