Ертіс өзенінің суы тартылып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертіс өзенінің суы тартылып кетті

02.08.2023

Ертіс өзенінің суы тартылып кетті. Кейбір жерлерде шағын құмдауыт аралдар пайда болған. Жүк тасымалдаушы баржалар мен кемелердің жүрісіне бөгет болып тұр. Ал, өзен сағасынан егін суаратын дихандар тіпті қиналып жатыр. Су таяз болғандықтан сорғылар құммен бекітіліп қалады. Мәселенің мәнісін меншікті тілшіміз зерделеп көрді.

Павлодардағы өзен порты Ресейге жүк тасымалдауды екі есеге азайтты. Себебі, кеме қатынасы қиындап барады. Қазір Ертіс арнасындағы су деңгейі ең төменгі мөлшерді көрсетіп тұр.

Төлеген Күлжанов, Өзен порты басқарма төрағасының орынбасары:

15 см түсті. Бұл 10-15 см-ге түскені өзекті мәселе болып жатыр.Біздің кемелердің бұрылып, жүруіне бұлда кедергі жасап жатыр. Өйткені, судың деңгейі түскен сайын ол бізге үлкен кедергі келтіреді. Өйткені, жүруге арналған параметрі бар ғой кемелердің.

Өзен жағалай егін салған дихандарға да қиын болып тұр. Ертіс сағасы 1,5 метрге дейін таяздап қалған. Су табанындағы топырақты қоса жұтатындықтан сорғылар жиі істен шығады.

Елеусіз Қамбаров, Ертіс бассейіндік инспекциясының Павлодар бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Биыл Ертіс өзені тасыған кезде жайылымдардың 32 пайызына ғана су барды. Себебі, көктемде Бұқтырма су қоймасынан жоспар бойынша 4,59 млрд. текше метр су жіберілу керек болатын. Алайда 4.11 млрд текше метр су босатылды. Оның өзі бөліп-бөліп берілді. Барлық мәселе содан туындап отыр.

Ертіс еліміздегі ағыны ең қатты өзен саналады. Бірақ жуықта өзен арнасында мынандай құм шағылдары пайда болды. Ағынмен шайылмаса өсе беруі мүмкін- дейді мамандар.

Вероника Дизер, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының техник гидрологы:

Павлодар облысында табиғи гидрологиялық режимнің бұзылуына Шығыс Қазақстан облысындағы су қоймаларынан судың нормаға сай босатылмауы себеп болып отыр. Биыл ғана емес, соңғы бес жылда өзен суы тым төмендеп барады. Шабындықтар құрғап кетті. Сағасы тартылғаны өз алдына, Ертіс арнасында құмдауыт жерлердің пайда болуы қатты алаңдатады.

Мәселені шешудің жалғыз-ақ жолы бар. Шығыстағы су қоймаларынан қосымша су босату керек. Бірақ Ертіс бассейіндік инспекциясының мәліметіне қарағанда қазіргі уақытта Бұқтырмада жинақталған су қоры қажетті нормадан 30-40 пайызға дейін төмен көрінеді. Сондықтан қоңыр күз келіп, Арқаның ақ жауыны басталмай жағдайдың өзгеруі кәдік.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу