Жалған ақпарат таратқан блогер 345 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалған ақпарат таратқан блогер 345 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді

02.08.2023

Жалған ақпарат таратқан блогер 345 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Ырыққа көнбесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Тауар немесе қызметті жарнамаласа салық төлеуге міндетті. Интернетте еркінсігендерді енді ешкім маңдайынан сыйпамайды.

Маркетолог Арайлым Кәрімқызы әлеуметтік желіде білім, заң саласына қатысты қызмет түрлерін жарнамалайды. 10 жылға жуық тәжіриебесі бар. Блогер «Онлайн-платформа» туралы заң цифрлық ортаны реттеуге мүмкіндік береді деп отыр. Жалған ақпарат ағыны тыйылады, қауіпсіздік күшейеді.

Арай Кәрімқызы, блогер:

Әр жарнама болсын, контент болсын әлеуметтік желіде жасалатын оның барлығы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бірақ кей адамдар оны түсіне бермейді. Енді жалған ақпаратты қадағалайтын болса, ол әрине біздің қоғам үшін өте пайдалы. Өйткені жалған ақпарат таратудың зияны біз ойлағаннан да көп болуы мүмкін.

Жалған ақпарат таратқан блогерлер енді 345 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Оның мөлшері бір айлық есептік көрсеткішке қарай өзгеріп отырады. Блогерлер табысына қарай үш топқа бөлінеді.

Шағын кәсіпкерлік болса 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Орта кәсіпкерлік – 50, ірі бизнеске жатса – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Бір жыл ішінде әркеті қайталанса шағын кәсіпкерліктің өкілі 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Қалғандарінікі екі еселенеді. Құқық бұзушылыққа тосқауыл болмаса блогер немесе инфлюенсер 15 тәулікке дейін қамауға алынады.

Ал қарапайым қолданушы қоғамдық тәртіпті, азаматтардың мүдделерін бұзуға алып келетін жалған ақпарат жарияласа, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Әрекетті қайталанса айыппұл екі есе көбейеді.

Қайнар Ахетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің департамент директоры:

Белгілі бір қызметтерді жарнамалайтын болса, өз жарнамаларын таңбалау талабы қойылған. Ол таңбалаудағы мақсат салық заңнмалары шеңберінде реттеу қарастырылады.

Министрлік жарнаманы таңбалау бойынша жоба әзірлеп, ашық порталға орналастырды. Барлық мүдделі тараптармен келісілгеннен кейін, таңбалау қағидалары бұйрықпен бекітіледі.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Еуроодақ «DIGITAL SERVICES ACT» дейд, цифрлық қызметтер туралы заңнаманы қабылдаған болатын. Заңнамалық реттеудің болуы бұл қазіргі таңдағы цифрлық платформадағы қауіпсіз ортаны қалыптастыру үшін қажет нәрсе.

Заң белгілі бір әлеуметтік желілерді бұғаттауға бағытталмаған. Бастысы – азаматтардың құқығын қорғау.

Дарын Сағитов , тілші:

Өткен жылы интернетте жалған ақпарат таратуға қатысты 5 жарым мыңнан астам іс тіркелген. Енді заң аясында бұған тосқауыл қойылады. Өтіріктің арбауына түсіп, шығынға бататындар азаяды. Заңның тағы бір ұтымды тұсы – онлайн-платформаларды қазақ тілінде сөйлету. Бұл жұмыстар министрлік тарапынан ширап келеді.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу