Қытайда үздіксіз нөсер соңы алапат тасқынға ұласты. Лай көшкен. Бірнеше тұрғын қаза тапты. Мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілген. Іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Алайда тасқынға байланысты кейбір аудандарға жету қиынға соқты. Алдағы күндері нөсер жауын күшейіп, тағы су тасқыны жүруі мүмкін екені ескертілді.
Қытай бірнеше күн бұрын соққы берген «Доксури» дауылының салдарынан айыға алмай отыр. Ел астанасы Бейжіңде жағдай күрделі. Өңірге жауынның 1 айлық мөлшері жауған. Су тасып, лай көшікіні жүрді. Табиғи апаттан 11 адам қаза тапты. 50 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.
Чжан Датун, Бейжің әкімшілігінің өкілі:
Су басқан аудандардан тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Және мұндағы туристерді елдеріне қайтуға көндірдік. Тасқын қаупі әлі сейілген жоқ.
Бірнеше тұрғын хабар-ошарсыз кеткен. Қазір қаланың су басқан шеткері аудандарында құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Хуанхэ және Хуайхэ өзендері бойындағы елдімекендерде нөсер жауын әлі тоқтаған жоқ. Сол себепті кейбір жерлерге құтқарушылар жете алмай отыр. Автокөлік, пойыз қатынасы тоқтады. Жүздеген ұшақ рейсі кейінге қалдырылған. 150 мыңдай тұрғын ауыз сусыз қалды. Су басқан өңір халқына көмекке әскери тікұшақтармен азық-түлік пен басқа да қажетті заттар жеткізіліп жатыр.
Ауа-райы болжамына сай, нөсер жауын осы аптада да тыйылмауы ықтимал. Бейжің айналасындағы өңірлерде, Тянцзинь мен Хэбэй провинцияларында су тасқыны күшейе түспек. Қытайға дейін «Доксури» Филиппин мен Тайваньға соққы берді. Бұл елдерде табиғи апаттан ондаған адам қаза тапқан.
Арай Төлегенқызы