Қазақстандықтар жаз мезгілінде қайда демалып жүр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар жаз мезгілінде қайда демалып жүр?

28.07.2023

Соңғы бір жылда 9 миллиондай отандасымыз ел ішін араласа, 8 миллионға жуығы шетелде демалуды жөн көрген. Ең танымал бағыттарға Түркия, Египет, Біріккен Араб әмірліктері мен Тайланд жатады. Ал Қазақстанда саяхатшылар жиі қыдыратын өңірлер қайсы? Отандық туризмге сұраныс бар ма? Саяхаттың бағасы қанша? Бұл сауалдарға тілшіміз жауап іздеп көрді.

«Бізде отандық туризм дамымай жатыр». Тұрғындардың пікірі негізінен осыған саяды. Саланы дамыту үшін алдымен, әрине, инфрақұрылымды қолға алу керек. Жолдың нашарлығы, интернеттің сапасыздығы мен демалыс аймақтарында дені дұрыс дәретхананың жоқтығына саяхатшылар жиі шағымданады. Ал қызмет көрсету сапасы бағасына мүлде сай емес деушілер де көп.

Жыл басынан бері елімізге шет елдерден бір милионнан аса турист келген. Саяхатшылардан ел қазынасына 314 миллион теңге пайда түсті. Туристерді көбірек тарту мақсатында үкіметте арнайы бағдарлама қабылданып, виза режимі де жеңілдетілді.

Талғат Аманбаев, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

Бүгінгі таңда 80 мемлекетке визасыз, 103 мемлекетке электронды виза бар. Электронды виза дегеніміз интернет арқылы почтаңызға келеді. Қалғандары елшілікке барып қағаздай виза алу керек. Рейстердің де саны көбейіп жатыр. 582 рейс аптасына халықаралық рейс Қазақстанда бар.

Ал шетелге қыдырушылардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге артты дейді мамандар.

Инна Рей, «Туристік Қамқор» қорының төрағасы:

Соңғы бір айда 600 мың отандасымыз шетелге саяхаттады. Пандемиядан кейін Вьетнам мен Тайландқа барушылар саны артты. Израильге де қызуғышылар көбейді.

Бұл қарқын бәсеңдемейді. Себебі еліміздегі демалыс орындары бағаға сай қызмет ұсына алмайды. Мысалы, Алакөлде бір апта демалу құны 400-500 мың теңгеден асып кетеді. Бұл қаржыға шетелде демалған әлдеқайда тиімді дейді саяхатшылар. Туристердің таңдауы көбіне Түркия, Тайланд, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр, Грузияға түседі.

Мамандар отандық туризмді дамыту үшін инфрақұрылымнан бөлек сауатты маркетинг ақсап тұрғанын айтады. Әйтпесе, тұмса табиғаты, тарихы тереңнен сыр шертетін Қазақстанның шетелдік туристерге таңсық өнім ұсынуға барлық жағдайы бар. Тек осының бәрін жүйелі жолға қойып, барымызды жарата білсек болғаны дейді сарапшылар.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу