Елордада 9 мыңға жуық үй газға қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 9 мыңға жуық үй газға қосылады

27.07.2023

Елордада 9 мыңға жуық үй газға қосылды. Тағы 3 мың шаңырақтың көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндігі бар. Әкімдік газ тарту кезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау тетіктерін де қарастырған. Жеке секторды сұйық отынмен қамту жұмыстары көмір тұтыну көрсеткішін де төмендетіп келеді. Промышленный кентінде қазір тұрғындардың көбі сұйық отынды пайдаланып отыр. Заңға сәйкес қоршауға дейін жеткізілген газды тұтынушылар үйлеріне өздері кіргізеді. Бұл жұмыстармен арнайы рұқсаты бар компаниялар айналысады.

Болат Шыныбеков, қала тұрғыны:

2021 жылы газды күзінде тарттырып қойғанбыз. Бірақ 2022 жылы қаңтарда бірақ қосылды. Мінеки, содан бері осы газдың игілігін көріп отырмыз. Бұл да өзіндік құптарлық жағдай. Экологиялық жағынан, әсіресе. Қыс айларында бізде қазір экология жақсарды.

Үйлеріне газ қосқысы келгендерге әкімдік есептегіш құрылғыны тегін береді. Оның бағасы нарықта 150 мың теңге. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға газ қосу қызметі құнының шамамен жартысын төлейді. Бұл орташа есеппен - 450 мың теңге. Бұдан бөлек, әкімдік екінші деңгейлі банктермен арнайы келісімге қол қойған. Оның аясында қаржы институттары газды үйге тарту үшін алғашқы жарнасыз әрі пайызсыз несие береді. Газдандыру жұмыстары басталған кезде қағазбастылық та көп кедергі болған. Қазір бұл мәселе де шешімін тапты. Осыған дейін үйге газ кіргізу үшін тұтынушыдан 8 құжат талап етілсе, қазір 4 құжат қана қажет.

Дарын Сағитов, тілші:

Газдандырудың арқасында көмір тұтыну деңгейі де төмендеп келеді. Астана, Қосшы қаласы, Талапкер, Қоянды секілді ауылдар осында көгілдір отын енді жеткізіле бастаған кезде жылына 500 мың тонна көмір тұтынатын. Қазір бұл көрсеткіш 360 мың тоннаға дейін азайды.

Әкімдіктегілер газдандыру жұмыстары ширап келеді деп отыр. Мысалы, былтыр жыл басында абоненттер саны 2 мың болса, жыл соңына қарай бірден 8 жарым мыңға жеткен. Ал 2025 жылы негізгі аудандар толығымен көгілдір отынға қосылады дейді.

Мақсат Есмағұлов, Астана қаласы әкімдігі отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

Биылғы жылы біздер Ильинка, Family Village, Garden Village, Пригородный, Family Town, Өндіріс және Кирпичный тұрғын алабтарына дейін үлкен газ құбырының құрылысын аяқтаймыз. Одан кейін келесі жылдан бастап сол тұрғын алабтарда көше-көшесімен салатын боламыз.

Тек бір әттеген-айы - газ желісіне қосылу тұтынушылар үшін қымбат болып тұр. Орта есеппен 1 млн теңгеден асады. Жағдай тек елорда емес, барлық аймақта байқалады. Осыған орай Президент Бәсекелестікті қорғау агенттігіне Үкіметпен бірлесіп, газға қосылудың тиімді бағасын бекіту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырған болатын.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу