Қазақстан мен Еуроодақ арасында ынтымақтастық артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Еуроодақ арасында ынтымақтастық артады

27.07.2023

Қазақстан мен Еуроодақтың қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріледі. Алматыда қол қойылған қаржы келісімі аясында Одақ Қазақстандағы тұрақты экономикалық өсімді және құқық үстемдігін қамтамасыз етуге 9 млн еуро бөлген. Стратегиялық әріптестіктің жол картасы да бекітілді. Соған сәйкес, қос тарап аса маңызды шикізат түрлері, аккумуляторлық батареялар және жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері саласында іскерлікті арттырмақ.

Қазақстандық тауарлардың Еуропаға кедергісіз жеткізілуі үшін «Транскаспий» халықаралық көлік дәлізін дамытуға басымдық беріледі. Құқықтық, заңдық тұрғыдан тәжірибе алмасу үшін Еуропарламент депутаттары Астанаға сапарлауды жоспарлап отыр.

Томаш Здеховски, Еуропарламент депутаты:

Еуроодақ пен Қазақстан қатынасы көп салада қарқынды дамып келеді. Біз энергия, қауіпсіздік, ғарыш саласында ынтымақты күшейтсек дейміз. Елдеріңіздегі тұрақтылық-инвесторлар үшін өте маңызды. Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күресті күшейтіп, жасыл экономикаға бет бұруы керемет. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.

Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

Еуропалық технологиямен Қазақстанда сапалы органикалық өнімдер шығарып Еуропа мен Қытайға экспорттауға мүмкіндік өте көп. Соған байланысты қазір біз Еуропа одағымен келіссөздер өткізіп жатырмыз. Келесі жылы біз үлкен промобизнес миссияны дайындап жатырмыз Еуропа одағы мүшелерімен. 100-ден астам компания келу керек Қазақстанға. Басты мақсаты - сол қазақстандық компаниялармен қарым-қатынас орнату.


Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу