Алматыда бос тұрған нысандарды әкімдік неге ретке келтірмейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бос тұрған нысандарды әкімдік неге ретке келтірмейді?

24.07.2023

Алматыдағы қаңырап, бос тұрған нысандар тұрғындардың үрейін ұшырып бітті. Әсіресе, қараңғы түссе, қорқынышымыз еселенеді деген олар қараусыз ғимараттың маңынан жүгіріп өтуге тырысады. Ал жергілікті әкімдік өкілдері мұндай қаңыраған орындардың саны қанша екенін білмейді. Өйткені қаланың меншігінде еместігін аплға тартып отыр.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Қалалықтардың зәре-құтын қашырған ғимараттардың бірі - Алматының қақ ортасындағы, нақтырақ айтқанда, Абай даңғылы бойында орналасқан мына бұрынғы Түрксіб ауруханасы. Кіреберісінің есігі жоқ, әйнектері шағылған, ал айналасы қоқысқа толы. Ішінің қандай күйде екенін бірге көрейік.

Ғимартқа кіргеніміз сол еді, уақытша осы жерді паналап жүрген бейтаныс адам шықты. Айтуынша, бұзақылар нысанның ішінде бөтелкелерге жанармай құйып әр жерге қойып кетеді екен. Ал кеш қарайғанда жарылғыш заттарды лақтырады. Осылайша, бірнеше рет өрттің тұтатуына дер кезінде тосқауыл қойып үлгердім деген ол, тегін қарауыл болғаным үшін кейде таяқтың астында қалам дейді.

Асылбек Ұзақов

Ұрды ғой, 15 адам түнде келіп ұрады. Ішінде олардың бәрін үстінен қарап отыратын адам бар. Бірінші ұсақ балаларды кіргізеді. Қай жерде кім, не екенін тексеріп алады да, гранатаны бөліп-бөліп бере салады. Лақтырады. Дауысынан құлақ бітіп қалады.

Әкімдіктің мәліметінше, 70 жылдан астам тарихы бар бұл нысан бүгінде сәулет ескерткіштерінің қатарына енген. Яғни оның сыртқы келбетін, жалпы құрылымын өзгертуге тыйым салынады. Ал ғимараттың ішін жөндеу жақында басталады деп отыр жауаптылар.

Гүлнар Ізбасқанова, Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасының бөлім басшысы:

Бұл ғимарат жыл басында қала құрылысын бақылау басқармасының балансына өтті. Қазір жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Содан кейін жөндеу жұмыстары басталады. Айта кетейін, құрылыс-монтаждау жұмыстарын қажет ететін нысандар пайдалануға берілгенге дейін түгел босатылады.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Ал бұл қаладағы Сәтпаев көшесінің бойындағы бұрынғы «Неміс драма театры». Қазіргі күйі, міне, осындай. Қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес.

Бұл аумақты күзетшілер күні-түні қарауылдасақ та, тыныштық жоқ дейді. Қоқысты да үйіп тастайтын қаңғыбастардың өздері екенін айтады.

Ғалия Мәдиева, күзетші:

Үйсіз жүргендер де болады. Ана жерде жатады, қонады. Қуамыз, түннің ішінде қайта-қайта шыққанда қауіпті ғой.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл жер телімі бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясына тиесілі. Мұнда келесі жылы академия студенттеріне арналған жатақхана салынбақшы екен. Ал атақты Абай даңғылының бойындағы бұрынғы Түрксіб ауруханасы балаларды оңалту орталығына айнамақ. Оған дейін қалалықтарға қаңырап бос тұрған нысандардағы бұзақылық туралы полицияға үздіксіз қоңырау шалып отыруға тура келеді.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу