Алматыда жол жүру ақысы қымбаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жол жүру ақысы қымбаттайды

24.07.2023

Алматылықтарды алаңдатқан қоғамдық көлік тақырыбынан ауытқымаймыз. Шаһарда жыл соңына дейін 700-ден астам экологиялық таза автобус пен троллейбус сатып алынады. Сондай-ақ, 10 жаңа бағыт ашылып, жүргізушілерді қайта оқыту жоспарланған. Есесіне қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы қымбаттайды. Ол қанша теңге болмақ? Қолданыстан шыққан автобустар қайда жіберіледі? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Еліміздегі ең ірі қала Алматыда 2,5 мыңға жуық автобус пен троллейбус бар. Олар күн сайын 165 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Президент қоғамдық көлік тұрғындардың жүріп-тұруы үшін ең қолайлы транспорт болуы керек деген еді. Бұл талап тиісті деңгейде орындалып жатыр ма? Жолаушылар не дейді?

Жолаушылардың сөзінше, қоғамдық көліктің келу аралығы кейде 1 сағатқа дейін созылып кетеді. Бұл жағдайдан құзырлы мекеме де, әкімдік те хабардар. Олардың айтуынша, бұл автобустар санының аздығына және кептеліске байланысты. Сондықтан биыл 700 қоғамдық көлік сатып алынады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Шын мәнінде қоғамдық көлік тапшы ма? Мен қазір Іле ауданына қарасты Жетіген елдімекеніндемін. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда қаладан әкелінген жүздеген автобус пен троллейбус тұр. Кейбіреулерінің терезелері шағылып, аздап зақымданғаны болмаса, басым бөлігі жүруге жарамды сияқты көрінді. Осы тұста заңды сұрақ туындайды, бұл көліктер әкімдік не себепті керексіз деп тапқан?

Тұрақтың ішін түсіруге нысанның күзетшілері рұқсат бермеді.

Абылайхан Омархан, «Алматы электротранс» ЖШС бас директорының орынбасары:

Кладбище деген сөз орынды емес. Бұл автобустардың уақытша қоймасы деп айтамыз. Ол жердегі автобустарды екіге бөлеміз, пайдалануға жарамды және жарамсыз. Бүгінгі таңда ол жерде 823 автобус тұр. Ол 600-ге жуығы пайдалануға келмейтін автобустар.

Пайдалануға жарамдылары жөнделіп, Алматы облысының аудандарына беріледі екен. Қоғамдық көліктің кешігуі, тазалықтың талапқа сай келмеуі сынды проблемалар жаңа автобустардың келуімен және қосымша бағыттардың ашылуымен шешіледі дейді, мамандар. Тіпті, ережені ескере бермейтін жүгенсіз жүргізушілер қайта оқытылады екен. Сондай-ақ қыркүйек айында жол жүру ақысын қымбаттату көзделіп отыр.

Азамат Ешанқұл, қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы:

Картамен 80 теңгеден 100 теңгеге көтеру жоспарымыз бар. Ал, қолма-қол ақша беру 150-ден 200-ге дейін қымбаттайды. 01:03 Оны қала халқымен, депутаттар бар. Оны заңды жүзеге асыру жұмыстары жасалынып жатыр. 1 қыркүйекке жоспарлап отырмыз.

Мегаполистегі қоғамдық көліктерді 6 мыңға жуық жүргізуші тізгіндейді. Тағы 1000-ға тарта маман жетіспейді. Сондықтан әкімдік тәртіп бұзғандарды жұмыстан шығармай, қайта оқытуды жөн көріп отыр.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу