Қазақстанның «Отбасының цифрлық картасы» БҰҰ-да таныстырылды. Бұл бірегей жобаны ел үкіметі БҰҰ Даму Бағдарламасының көмегімен жасап шыққан. Тиімді қызмет көрсетуді және әлеуметтік теңсіздік мәселелерін шешуге бағытталған инновациялық платформаға қазірдің өзінде өзге елдерден қызығушылық артқан.
Отбасының цифрлық картасы БҰҰ бас штабында Қазақстандағы теңсіздікпен күрес және цифрлық дамуды ілгерілету» атты шара аясында таныстырылды. Былтыр ғана іске қосылған платформа әлеуметтік көмек көрсетуде қағаз бастылықты күрт азайтып, жүз мыңдаған отбасының дер кезінде көмек алуына мүмкіндік ашты. Тұрғындар енді қандайда бір жәрдемақы не өзге де төлемдер алу үшін әкімдік табалдырығын тоздырмайды. Ауылдан, аудан не облыс орталығына сабылмайды.
Ербол Оспанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
7-8 күнде тағайындайтын қызметті 10 минутта тағайындайды. Оған еш өтініш жазудың қажеті жоқ. Ақпараттық жүйе өзі анықтап, смс хабарлама жіберіледі. Келісімін берсе болды ақпараттық жүйе банктегі есепшотына автоматты түрде аударып жібереді.
БҰҰ Бас Хатшысының көмекшісі Ивана Живкович қазақстандықтарға әлеуметтік төлем қызметі қалай көрсетілетінін VR құрылғысы арқылы бағамдап көрді. Инновациялық платформа бала туғаннан бастап, басқа да әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыны тағайындау жұмыстарын тез әрі сапалы жүзеге асырады. «Бұл - теңсіздікті азайту, мемлекеттік басқаруды жақсарту және қоғам сенімін арттыру үшін маңызды жоба болмақ, деді Ивана Живкович.
Ивана Живкович, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі:
Қазақстан қандай жұмыстар атқарғанын нақты іспен көрсеткені өте маңызды. Теңсіздікті жоюда соңғы жылдары ауқымды шаралар жасалды. БҰҰ ДБ Қазақ үкіметімен белсенді түрде байланысып көптеген бағдарлама мен жобаны жүзеге асырды. Соның ең бір жарқын үлгісі «Отбасының цифрлық картасы».
77 ақпараттық базаны біріктірген ОЦК халыққа тиімді қызмет көрсету ісін жақсартып қана қоймай мемлекеттің шығыстарын да азайқан. Содан болар бірегей жобаға өзге мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Осы кезге дейін елімізде құны 200 миллион доллар болатын 200 жобаны жүзеге асырған Қазақстан үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы биыл жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын дамытуға басымдық бермек.
Жалғас Сәдібекұлы