Араб елдері Қазақстанға қомақты инвестиция құяды. Олар әсіресе энергетика, көлік транзит салаларын қолдауға дайын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне» қатысты. Алғашқы саммит отырысына 11 мемлекеттің басшылары жиналды. Тараптар қарым қатынасты дамытудың жаңа жолдарын іздеді.
Араб түбегі мен Орталық Азия елдерінің қатынасы осыған дейін қарқынды болды деуге келмейді. Екі өңір бір-бірінен алшақ жатыр. Есесіне енді екпін алуы мүмкін. Әлемдегі геосаяси жағдай қатынастың жаңа жолдарын іздеуді көрсетіп отыр. Ал Орталық Азия соңғы уақытта саяси сахнада белсенді. Осыған дейін де бірқатар елдермен байланысты күшейткен еді. Енді алтылықпен дамытуға ниетті. Саяси аренада бірге жүруге арабтар да мүдделі.
Саммитке шығанақтағы алты ел: Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Кувейт, Бахрейн, Оман және Орталық Азияның бестігі қатысты. Парсы шығанағы елдерінің әлем экономикасында бәсі басым. Саяси ықпалы, экономикалық, инвестициялық әлеуеті зор. Бұл ұйымға бірігуге қызығатындардың көптігі де содан. Ал Орталық Азия логистикалық мүмкіндігі, агроөнеркәсіптік өнімдерімен тартымды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін «Орталық Азия және Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» жоғары деңгейдегі бірінші саммитіне қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Осы тарихи кездесу бәріміз үшін қасиетті жерде, бірлік пен өзара қолдау жағдайында өтіп жатыр. Соның арқасында елдеріміздің бауырластығы және достығы нығая түсетіні сөзсіз.
Қасым Жомарт Тоқаев саммитте ынтымақтасудың бірқатар бағытын ұсынды. Әуелі тауар айналымы. Қазақстан араб елдеріне қысқа мерзімде 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын. Екінші бағыт – инвестиция. Президент шығанақтағы алты елді Қазақстанға қаржы құюға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына 3,6 миллиард долларға жуық қаржы салды. Сондықтан біз инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Шетелдік капитал үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Жуырда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында Іскерлік кеңес құрылды. Біз Кеңеске мүше мемлекеттердің барлығымен осындай ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Серіктестерімізді «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз.
Көлік-транзит. Геосаяси жағдай ушыққан тұста әлем елдері нарыққа шығудың балама жолын іздеп жатыр. Бізде оған ұсыныс жетеді. Президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін пайдалануды ұсынды. Осы бағыт арқылы 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жөнелтіледі. Бұдан басқа «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізін дамыту қолға алынып жатыр. «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолы тағы бар. Бұл бағыт – Шығанақ елдеріне шығатын ең қысқа жол. Сондықтан осы дәліздерді дамытуға арабтар қаржы құюға дайын.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Сауд Арабиясы 2030 жылға дейін өздерінде 59 логистикалық орталық салайын деп тұр. Солардың нәтижесінде осындағы контейнер тасымалдау қуаттылығын өздерінің портының қуаттылығын 40 млн контейнерге жеткізейін деп тұр. Осы салада біз өзіміздегі транскаспийлық көлік дәлізімен де қарым-қатынасты нығайтамыз. Оның шеңберінде өзіміз де Транскасспийлық көлік дәлізінің қуаттылығы 500 мың контейнерге дейін оны ары қарай 1 млнға дейін өсіреміз деп 2 елдің арасында сол бағытта нығайтамыз деп отырмыз.
Энергетика. Салаға әлемде сұраныс басым. Ал Орталық Азия қазба байлыққа бай. Өңірдегі мемлекеттердің аумағында 30 миллиард тоннадан астам барланған мұнай, 20 триллион текше метр газ қоры бар. Яғни біздің аймақ мұнай мен газ көлемі жағынан әлемде Араб түбегінен кейін екінші орында. Қазақстан шығанақтағы араб елдерінің ірі энергетикалық компанияларымен қарым қатынас жасауды ойластырып жатыр. Мемлекет басшысы әсіресе «жасыл энергетикадағы» жаңа жобаларды қолдауға дайынбыз деді.
Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
Жаңартылатын энергия көзіне араб мемлекеттерінің Аквапауэр, Маздар деген сияқты инвестиция жасауға дайын. Олар біздің Оңтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында 500 мегабат пен 1 гигаватқа дейін жаңартылатын яғни жел энергия генераторларын құру мүмкіндігін Самұрық Қазынамен бірге талқылап жатыр.
Азық-түлік қауіпсіздігі. Дүниежүзін алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бұл бағытта алыс берісті ұлғайтуға қазақ тарапы дайын. Шөлейтте жатқан араб мемлекеттеріне ауылшаруашылық өнімдерін молынан жіберуге әлеует жеткілікті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл міндеттерді тиімді іске асыра аламыз.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Араб алтылығы мен Орталық Азия бестігі осылайша байланысты бекітуге бейіл. Елдер арасында тікелей әуе қатынастары жанданбақ. Осы күзде Астана Жидда әуе рейсі ашылады. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақаралық туризмді бірлесе дамытуға Қазақстан дайын екенін жеткізді.
Асима Нұрбайқызы