Жаз басталғалы ел бойынша 101 адам суға кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаз басталғалы ел бойынша 101 адам суға кетті

19.07.2023

Жаз басталғалы ел бойынша 101 адам суға кетті. Оның 27-сі бала. Суға шомылу маусымының аяқталуына әлі бір айдан астам уақыт бар. Биылғы жаз да ерекше ыстық болып тұр. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мамандар рейдтік шараларды ширатып жатыр.

Жаз кезінде рейдтік шаралар қыза түседі. Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері мен тәртіп сақшылары рұқсат етілмеген жерлерде шомылғандарға осылай ескерту жасайды. Олармен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жаднама парақшаларын таратады.

Юрий Зигле, қала тұрғыны:

Балалар ата-анасыз келеді. Жеткіншектер жүзуді, судың астында не жатқанын білмейді. Баланың аты бала ғой. Бұл – өте қауіпті.

Жаз басталғалы елімізде 27 бала суға кетті. Дені ересектердің қарауынсыз, рұқсат етілмеген жерде шомылғандар.

Байқағанымыздай, ескертуге құлақ аспайтындар да бар. Олармен қатаң жұмыс жүргізіледі. Дегенмен, мамандармен тілдесіп, қателіктерін түсінгендер де жоқ емес.

Дарын Сағитов, тілші:

Апатты-құтқару қызметі Есілдің қос жағалауын тексеріп отарыды. Егер рұқсат етілмеген жерлерде шомылғандар болса, оларға бірінші кезекте ескерту жасалады. Егер әрекеттері қайталанса 5 АЕК мөлшерінде айппұл салынады.

Дұрысы - арнайы жабдықталған жерде шомылу. Елордада мұндай үш орын бар. Олар орталықта, Сарыарқа және Алматы ауданында орналасқан. Барлығы қатаң тәртіп аясында жұмыс істейді. Бұл жерлерде құтқарушылар, алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандар бар. Шомылатын орын арнайы қоршалған. Су асты тазартылған.

Астананың өзінде өткен жылы 6 адам суға кеткен. Оның 5-уі бала. Биыл шомылу маусымы басталғалы 1 бала тілсіз жаудың құрбаны болды. Тағы 3 ересек суға кетті.

Алдияр Қошан, қалалық ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты:

Ата-аналар өздерінің баларын қараусыз қалдырады. Немесе жібере салады суға түсуге. Сол кезде кішкентай балалар суға жүзу білмейді. Сондай себептермен суға кетіп жатыр. Күнделікті есепте рейдік жұмыстар суда жарақаттану, қаза табуының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатыр.

Мамандар ересектер көбіне суға ішімдік ішіп шомылады дейді. Соңы қайғылы оқиғаға ұласады. Айта кетерлігі, мас күйінде шомылғандарға бірден 17 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Рейд барысында рұқсат етілмеген жерде шомылған екі адамға ескерту жасалды. Бір азамат ағзадағы алкоголь мөлшерін анықтау үшін медициналық тексеруге жіберілді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу