Еліміздің, оның ішінде Ақтөбе қаласының тарихы үшін тың жаңалық! Шаһардан 17-18-інші ғасырларда өмір сүрген қазақ сұлтандарының қорымы табылды. Ең қызығы, бұл аумақта ортағасырлық қала болғаны да анықталып отыр. Яғни, зерттеушілердің айтуынша, енді Ақтөбенің тарихына елеулі өзгерістер енгізілуі тиіс.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл белгі 1861 жылы қазақтың белгілі сұлтандарының біріне қойылған. Бұл аумақта осындай төрт құлпытас бар. Зерттеушілердің айтуынша, жақын жерде шағын қалашық та болған. Яғни, Ақтөбе қаласының тарихы 1869-ыншы жылдан басталмайды, кемінде одан бір ғасырға әріге кетеді.
Бұл тарихи жаңалықты Талғат Жұмағамбетов бастаған тарихшылар ашты. Қала шетіндегі ескі қорымды зерттеу барысында бұл жерге қазақтың әйгілі сұлтандары жерленгені анықталған.Яғни, Кіші жүздің соңғы ханы Арынғазының ұрпақтары жатыр.
Талғат Жұмағамбетов, Қазақ түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы:
Мына жерде үлкен қаланың үлкен зираты.17-18 ғасырдағы.Құлпытастар тек 18 ғасырда пайда бола бастайды. Сонымен мына жердегі 4 құлпытасты біз оқыдық, 19 ғасырға жатады.Ең қызығы – мына құлпытас. Бұл Ахметқали сұлтанның құлпытасы.
Қазіргі уақытта төрт құлпытас оқылды. Олардың бірі 1848-інші жылы қойылған. Ғалымдардың айтуынша, осы маңда ортағасырлық 3 елдімекен болған. Мына қорымға сұлтандарға дейін сонда өмір сүрген адамдар жерленген. Өкініштісі, қорғандардың қирандылары осыдан 50-60 жыл бұрын бұзылып кеткен. Ғалымдардың айтуынша, енді Ақтөбе қаласының құрылған уақыты кемінде 17-інші ғасырдан бастап есептелуі тиіс дейді. Бұл жаңалық шаһар тұрғындарын да қуантып отыр.
Бауыржан Әлиев, қала тұрғыны:
Ақтөбе қаласының шығу тарихы бізге 1869 жыл деп жатыр ғой, бірақ енді одан ертерек дегенін соның аумағында жүретін тарихшылар біледі ғой. Ол жалпы жақсы жаңалық деп білемін.Жалпы қазақ халқының шығу тарихы тереңде жатыр ғой.
Ғалымдар осы жерден ортағасырлық обаны да анықтады. Бұл тарихи нысандардың кейбірі бұған дейін де белгілі болғанымен, ешкім ден қойып зерттемеген. Сондықтан келесі жылы ауқымды жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сұлтандар жатқан жерге тарихи кешен салу жөнінде де ұсыныстар бар.
Жақсыбек Кемал