Астанадан небәрі 15 шақырымдай жерде орналасқан Қажымұқан ауылы өркениетке қол жеткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадан небәрі 15 шақырымдай жерде орналасқан Қажымұқан ауылы өркениетке қол жеткізе алмай отыр

18.07.2023

Жарығы жоқ, суы жоқ ауыл қайтып күн көрер?.. Астанадан небәрі 15 шақырымдай жерде орналасқан Қажымұқан ауылы өркениетке қол жеткізе алмай отыр. Елдімекеннің жартысында ғана жарық бар. Тұрғындар өз күшімен электр энергиясын тартып, амалдап өмір сүруге мәжбүр. Бұдан бөлек, ауылда су да, жол да жоқ. Елорда іргесіндегі халық жауаптылар жанайқайымызды естіп, мәселені шешіп берсе дейді.

Самал Қабышева, тілші:

Бұл Қажымұқан ауылындағы жарық бағаналары. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай құлауға сәл ғана қалған Тұрғындар мұның өзін қыруар қаржыға өзіміз жасаттық деп отыр. Ал жел тұрса бағаналар құлап, ауыл жиі-жиі жарықсыз қалады екен.

Жұмаханым Қажыкереева, Қажымұқан ауылының тұрғыны:

Бұл бағананың өзі 280 мың теңге ақша тұрады. Бұл бағана бесплатно емес. Халық тырбаңдап жннаған еңбегін осыған салып отыр. Осы тұрған біреуі 280 мың теңге тұрады. Ана кабельі бар бәрі бірге. Киловаты 30 мың теңгеден еще свет төлейміз.

Асхат Ошыбаев, Қажымұқан ауылының тұрғыны:

Трансформатордың жағдайы міне осы. Астананың іргесінде тұрамыз. Қажымұқан атамыздың дүниеге келген ауылында тұрамыз. Мынаның ішіне кішкентай бала ойнап ішіне кіріп кетсе, ана тоқты ұстаса болды. Міне бәрін көріп тұрсыздар ғой, свободный доступ бәрі. Сондықтан мына масқараны тоқтатуларыңызды сұраймыз.

Астанаға тиіп тұрған ауыл тұрғындары жарыққа ғана жарымай отырған жоқ. Халық суды да тасып ішеді. Одан бөлек, жол мәселесі тағы бар. Жолға жауаптылар жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп, бар жолымызды ойдым, ойдым етіп қазып тастады деп ашулы.

Сәуле Жармағанбетова, Қажымұқан ауылының тұрғыны:

Жол жоқ. Тура мектептің жанында тұрамыз. Жол жоқ. Жолмен жүру өте қиын. Достық көшесінің жпартысына келді де тоқтап қалды да, Біржан салдың басынан да бастаған жоқ. Ортасынан басталып кетті. Ана жермен адам жүрмейді. Неге адам жүретін, балалар жүретін жерді салмайды.

Ал жергілікті биліктің өзі Қажымұқан ауылындағы проблемалардың нақты қашан шешілетінін білмейді. Қазір жарық мәселесі бойынша тек жобалық-сметалық құжат жасауға енді кірісіп жатыр екен.

Гомар Накупов, Талапкер ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Қажымұқан ауылы Астанадан 10 шақырым жерде орналасқан. Қажымұқан ауылында дәл қазір 5 мыңдай халық тұрады. Жарық мәселесіне келетін болсақ, Жобалық сметалық-құжат дайындалып жатыр. Тапсырыс беруші Целиноград тұрғын үй шаруашылық бөлімі. Келісі шарттың құны 30 млн теңге. Жылдың аяғына қарай сараптама қорытындысы шығады. Келесі жылы электр жарығы басталуы керек.

Ал су мәселесі 2025 жылға дейін шешіліп қалуы мүмкін деп отыр. Алайда жасалып жатқан жолдарға құбыр жүргізілмеген дейді тұрғындар. Астанаға қатынап жұмыс істейтіндер үшін аялдама мен бағдаршам мәселесі де өзекті. Балалар қалаға мектепке кеткенде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді ауыл халқы.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу