Жамбылда жылу мекемесінен 7 млн теңге жымқырған бас есепшіге қатысты сот үкімі шықты. Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Құлан-Энерго Жылу» кәсіпорнының бухгалтері 3 жыл бойы мекеме қаржысын қалтасына басып келген. Есепші әйелдің әккі әрекеті прокурорлық тексеріс кезінде анықталды. 46 жастағы келіншек мекеме қаржысын өзінің жеке банк карталарына аударып келген. Ол қылмыстық әрекетін жасыру үшін жалған құжаттар жасайды. «Мемлекет қаржысына түрлі тауар алынды» деп төлем құжаттарын көрсеткен. Бірақ, тексере келе, 390 млн теңге қаржылық қоры бар мекемеде ұрланған ақшаның орны білініп қалады. Артынша, бас бухгалтерге «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу, талан-таражға салу» бабы бойынша іс қозғалады. Сот есепшіге 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын кесті.
Данияр Әлімқұл