«Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының екінші маусымы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының екінші маусымы аяқталды

17.07.2023

«Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының екінші маусымы аяқталды. Көрермен таңдауы бойынша 4 финалистің арасынан Нұршат Құсанова үздік шығып, жеңімпаз атанды. Көрерменнің ерекше ықыласына бөленген музыкалық жобаның финалы қалай өтті?

4 айға созылған жобаның соңғы шешуші күні. 4 финалист дайындық үстінде. Балалар да, тәлімгерлер де қобалжулы. Костюмдерін түгендеп, финалға арнайы дайындаған әндерін бір пысықтап алды.

Бұл жоба балалардың талантын ашып, балалардың әрі қарай қарай дамуына өте үлкен үлес қосады. Менің қызым да қатысқан осы жобаға. Біріншісінде.

6 мың адам арасынан оқ бойы озық шыққан 4 бала финалға жолдама алды. Осылайша, тәлімгер Толқын Забированың тобынан Нұрислам Тілеухан, Әлемнің тобынан Жасмина Түзелова, Жұбаныш Жексенұлының тобынан Нұршат Құсанова мен Мархаба Сәбидің тобынан Мөлдір Базарбай ақтық сында бақ сынады. Финалистер жеке ән айтып, тәлімгермен дуэт орындады.

Балнұр Суенова, жобаның бас редакторы:

Балалармен жұмыс жасаған өте керемет сезім. Олар шынайы болады. Ешқандай да бүкпесіз. Эмоцияларын көрсете білетін, сондай бауырмал болып келеді. Балалармен қоштасатын кезде біз шынымен қимай қаламыз. Қазір енді 4 финалистіміз тәлімгерлермен өнер көрсетіп болды. Қазір бізде қосымша паралельно дауыс беру жүріп жатыр.

Дауыс беру онлайн түрде жүргізілді. Байқау шарты бойынша бір IP адрестен бір ғана адам таңдау жасай алады. Яғни, WiFi арқылы түрлі құрылғыға қосылып дауыс берсе де, ең біріншісі ғана қабылданады. Бұл бір адамның бірнеше рет дауыс беруіне жол бермес үшін жасалған шара. Осылайша, көрермен таңдауымен басым дауысқа ие болып Нұршат Құсанова жеңіске жетті.

Нұршат Құсанова, жоба жеңімпазы:

Мені қолдаған отбасыма, туыстарыма, бауырларыма, достарыма, барлық менің жанкүйерлеріме үлкен рақмет айтқым келеді. Осы сіздердің арқаларыңызда мен «Қазақстан дауысы» атандым. Барлықтарыңызға алғысым шексіз!

Атыраулық өнерпаз бұған дейін түрлі халықаралық ән байқауларына қатысқан. Junior Eurovision 2020 жобасының финалисі. Көрерменнің ерекше ықыласына бөленген мегажоба тағы да жалғасын табады.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу