«Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының екінші маусымы аяқталды. Көрермен таңдауы бойынша 4 финалистің арасынан Нұршат Құсанова үздік шығып, жеңімпаз атанды.
Атыраулық өнерпаз бұған дейін түрлі халықаралық ән байқауларына қатысқан. Junior Eurovision 2020 жобасының финалисі. Қазақстан дауысының алғашқы кезеңінде композитор Арман Дүйсеновтің «Туған жер» әнін орындап, 2 тәлімгерді өзіне қаратқан. Әнші Жұбаныш Жексенұлының тобында өнер көрсетті.
Нұршат Құсанова, жоба жеңімпазы:
Мені қолдаған отбасыма, туыстарыма, бауырларыма, достарыма, барлық менің жанкүйерлеріме үлкен рақмет айтқым келеді. Осы сіздердің арқаларыңызда мен «Қазақстан дауысы» атандым. Барлықтарыңызға алғысым шексіз!
Жоба 4 айға созылды. Байқауға қатысуға 6 мыңнан астам өтініш түскен. 100 адам «Көрмей тыңдау» кезеңіне шақырту алып, әр тәлімгерлер 15 баладан іріктелді. Тікелей эфирдегі түрлі сайыстардан өтіп, әр топтан бір өнерпаз финалға жолдама алды. Осылайша, тәлімгер Толқын Забированың тобынан Нұрислам Тілеухан, Әлемнің тобынан Жасмина Түзелова, Жұбаныш Жексенұлының тобынан Нұршат Құсанова мен Мархаба Сәбидің тобынан Мөлдір Базарбай ақтық сында өнер көрсетті.
Айя Мүтәлі