Павлодар облысында орман өрті оқшауланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында орман өрті оқшауланды

17.07.2023

Павлодар облысының «Ертіс орманы» табиғи резерватында өрт оқшауланды. Жалынды ауыздықтау үшін 4 облыстан қосымша күш келді, 6 тікұшақ жұмылдырылды. Қазір өртті тұтастай өшіру үшін мамандар жанталасып жатыр.

Қарағайлы орман ішіндегі өрт бірнеше жерден басталды. Мәліметке қарағанда найзағай оты түскен. Қатты желдің әсерінен тез таралып, Ресейдің Алтай өлкесіне қарай бет алды.

Қобыланды Атығаев6 «Ертіс орманы» табиғи резерватының бөлім басшысы:

Найзағай ұрғаннан кейін бес орман өрті орын алған болатын. Біз барлық техникаларды сол бес орман өртіне жұмылдырып, тиімді қолдандық.

Өрт шыққан бойда жедел штаб құрылып, жағдай бақылауға алынды. Көрші облыстардан қосымша күш жеткізілді. Соның арқасында елдімекендерге қауіп төнген жоқ.

Талант Ержанұлы, Өрт сөндіруші:

Бұл жерде шаршау дегенді ұмытасың. Өйткені адамдардың өміріне, біраз ауылдарға қауіп төніп тұрды. Сондықтан өртті тезірек тоқтату керек болды.

100-ден аса техника, 350 ге тарта адам күндіз түні жалынмен арпалысты. Адам күші жетпейтін қиын жерлерге төрт бірдей тікұшақ әуеден су шашты. 22 жерден бірмезгілде лаулай жанған өрт бір тәулік ішінде оқшауланды.

Болат Аманбаев, тілші:

Қазір біз «Степное» орман шаруашылығындамыз. Өрт осы жерден басталған. Көріп отырсыздар жалын тоқтаған, бірақ қоламтасы әлі жанып жатыр. Негізгі өрт сөндіру жұмыстары қазір орманның сыртында емес, ішінде жүріп жатыр. Жалын шамамен 850 гектар аумақты шарпыды.

Жасұлан Жұмашев, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Мына 22 кварталды бүкіл санымен алдық. Қандай көлемі бар. Оның кейбір кварталдары шетінен жанғаны бар, кейбірінің жартысы жанғаны бар, барлығы өртеніп кеткені бар. Соның бәрін санағаннан кейін, анықтама жұмыстарын өткізгеннен кейін біз нақты түрде қанша көлемі жанды деп айта аламыз.

Бүгін түс ауа еліміздің аймақтарынан көмекке келген өрт сөндірушілер тегіс өңірлеріне қайтады.


Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу