Павлодар облысындағы үш ауданда орман өртеніп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысындағы үш ауданда орман өртеніп жатыр

15.07.2023

Павлодар облысында да өрт ошақтары тіркелді. Баянауыл, Аққулы және Шарбақты аудандарында да орман жанып жатыр. Баянауыл ұлттық паркінің Қызылтау ауылының 800 гектардан астам аумағын жалын шарпыған. Өртті сөндіруге 150-ге тарта адам мен ондаған техника жұмылдырылды. Ал, «Ертіс орманы» резерватына қарасты қарағайлы орманда да жағдай қиын. Тікелей байланыс аоқылы өңірдегі меншікті тілшіміз Болат Аманбаев баяндайды.

Болат Аманбаев, тілші:

Өрт Шарбақты ауданының Сідікащы және Сүгір елдімекендерін айналып өтіп, Ресейдің Алтай өлкесі аумағына қарай беттеп барады. Ресми мәліметке қарағанда, қазір 400 гектардан астам қарағайлы орман жанып кеткен. Өртті сөндіруге қапталдан соққан желдің бағытының жиі ауысуы қатты кедергі келтіріп отыр. Сәл біраз уақыт бұрын Астана және Семей қаласынан әуеден өрт сөндіруге арналған екі тікұшақ көмекке келді.

Одан бөлек, облыстық ТЖ-лар қызметінің күштік құрылымдары тегіс тілсіз жауды тұмшалауға жұмылдырылды. Бірақ жағдай өте күрделі. Енді бірер сағатта күн батады. Бұлда жалынмен арпалысты қиындата түсері анық. Облыс әкімі Асайын Байханов арнайы тікұшақпен өрт аумағын жіті бақылап алып, арнайы құрылған штабта жедел әрекет жоспарын дайындаған болатын.


Хабарламаларға жазылу