Қазақстанда жыл сайын 3 жарым мыңға жуық адам өкпенің қатерлі ісігіне шалдығады. Оның 80 пайызы ауруы асқынып кеткенде дәрігердің көмегіне жүгінеді. Сондықтан диагнозды ерте анықтау үшін скринингтен өтуді міндеттеу қажет, - дейді онколог мамандар. Әзірге мұндай тегін тексерістен пилоттық жоба аясында 49 жастан асқан Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары мен Алматы қаласы тұрғындарына өтуге мүмкіндік берілген. Күн сайын өкпенің қатерлі ісігінен 6-7 қазақстандық қайтыс болады. Оның 90 пайызы - үнемі шылым шеккендер. Онкологтар шаң-тозаңда және өкпеге зияны тиетін зауыттарда жұмыс істейтіндер мен жақыны өкпе обырымен науқастанғандарға жылына бір рет тексерістен өтуге кеңес береді. Ол үшін жай рентгенге түсу жеткіліксіз. Сондықтан, аз дозалы компьютерлік томография жасайтын міндетті скринингтің барлық өңірде жүргізілгені қажет дейді.
Бауыржан Оспанұлы, торакальді хирург:
Компьютерге түскенде 1 см-ге дейінгі түзілісті анықтауға мүмкіншілігі бар. Бізде рентгенде, флюрографияда 1 см ісіктер көрінбей қалуы мүмкін. Шетелде, мысалы, Жапонияда колоноскопия, ФГДС, өкпенің ренгтені болмаса жұмысқа алмайды. Сол сияқты жұмысқа кіретін науқастарды флюорографияның орнына рентгенография немесе төменгі дозалы кт-ны талап етсе болады. Енді ол бір ұсыныс ретінде.
Алдын-ала тексерістің нәтиже беретіні сөзсіз дейді мамандар. Мәселен, 14 жыл бұрын сүт безі дертін анықтау үшін басталған скринингтің арқасында қазір ауруы асқынып келушілердің саны 1 пайызға жетер-жетпес. Медициналық сақтандырылған азаматтар тегін тексеріліп, ем-домды да ақысыз ала алады. Дәрігерлер енді медсақтандыруы жоқ адамдардың да тегін тексерістен өтуіне мүмкіндік берілсе деп отыр.
Мұратжан Сақтағанов, маммолог-онколог:
Қазақстан денсаулыққа ақша салып жатыр. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Хирургтар, мамандар оқып жатыр. Сәуле емі бар. Тоқ ішек, сүт безі, әйелдердің жатыр мойыны дейміз және де қосымша скрининг бағдарламары қосылып жатыр. Соған адам өз жасына байланысты бару керек. Шақырмау керек. Біздің медбикелеріміз қайта-қайта хабарласып, мазасын алып шақыртып алады.
Осылайша, қазір әрбір үшінші науқастың халі бірінші сатыда анықталып жатыр. Скринингке шақырумен қоса, дәрігерлер жеңуге болатын дерттен құлан-таза айығудың жаңа әдісін де қолданып жатқандарын алға тартты.
Диляра Қайдарова, қазақ ұлттық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры:
Мәселен, соңғы кезде химиялық терапиядан гөрі сүт безінің 1-сатысында 5 жыл гормоналды терапиядан өтуге кеңес беріледі. 3-сатыда осы тәсілмен 7-8 жыл өтуге ем қабылдауға болады. Яғни, науқас сәулені барынша аз қабылдайды. Бұл мутацияналған ісік жасушаларын молекулалық-генетикалық зерттеу жағынан мүмкіндік береді.
Алдын-ала тексеріске келушілердің саны артқанымен, жыл сайын онко аурумен науқастанатындар 4,5 пайызға артып отыр. Соңғы 6 айда 21 мың адам қатерлі дертке шалдыққан. Айта кетейік, онкологияға қандай да бір күдік болса, дәрігерлер 5 күннің ішінде нақты диагноз қоюы қажет.
Әйгерім Ердәулет