Атырау облысындағы ондаған ауыл құм құрсауында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы ондаған ауыл құм құрсауында қалды

13.07.2023

Атырау облысындағы ондаған ауыл құм құрсауында қалды. Толассыз көшкен шағыл тұрғын үйлер мен қора жайларды басып жатыр. Жергілікті билік мәселені шешу үшін сексеуіл отырғызған. Алайда жұмыс шала істелінгендіктен, бюджет қаржысы желге ұшты. Шалғайдағы елді мекендердің ахуалын Жандос Темірғали көріп келді.

Ауылдағы жалғыз қызыл трактор болмағанда Фаруза Сұлтанәлиеваның үйі әлдеқашан үйіріліп соққан шағылдың астында қалар еді. Десе де, сусыған құм ырық берер емес. Баспанасына бір табан жақын қалған. Құрдымға кетіре ме деп алаңдайды. Жалғыз басты ананың екі-үш жылдан бері көрген күні осы.

Фаруза Сұлтанәлиева, Исатай ауылының тұрғыны:

Құмның азабын көрдік. Аптасына бір-екі рет алдыртып тұрамыз осылай. Қиын. Үйді басып кететін түрі бар.

Құрғақшылық пен теңіздің тартылуы мәселені одан бетер ушықтырып тұр.Толассыз көшкен қызыл құм 1300 тұрғыны бар Забурын ауылын тығырыққа тіреген. Мәселе әсіресе 300-дей түтін орналасқан Исатай ауылында күрделі. Көз аштырмайтын дауылдан шағын ауыл шағылдың ортасында қалып барады. Тұрғындарға есік-терезені ашу мұңға айналған. 115 млн теңге бөлінген құм тоқтату жұмыстары сәтсіз аяқталды. Егілген 26875 дана сексеуілден сая болар түк қалмаған.

Жандос Темірғали, тілші:

Сексеуіл егілді делінген 9 гектар алқап міне осы. Сексеуіл түгілі мына жерде қылтанақ шөп жоқ. Айналасы аңғал-саңғал. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай төрт-түлік емін еркін ішін кезіп жүр. Қамыстар бөгет ретінде орнатылған. Қазір сынып жатыр.

Сапасыз істелген жұмыстың зардабын ауылдықтар тартып отыр. Шілдеде сексеуіл егіп, оны қараусыз қалдырған мердігерге жұрт наразы. Қазір бәрінен бұрын елді мекенді құмнан арылту мәселесі маңызды болып тұр.

Аслан Ғұбаш, Исатай ауылының әкімі:

Қазір жобалау сметалық құжатын дайындап жатырмыз тағы да. Ауылдың ішіндегі құмдарды далаға шығаруға машинамен, погрузчиктермен. Осы жұмыстармен айналысып жатырмыз. Игертпей жатыр.

Әкімдік кеткен кемшілік жуық арада түзелетінін айтады. Салғырттық танытып, жұмысты жарытпаған мердігерге соңғы рет мүмкіндік берілмек.

Нұргүл Қалиева, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Олар өздерінің кепілхатын да берді бізге. Жасайтын боламыз деген. Кешегі уақытта тағы да хат жолдаған болатынбыз. Олар күз айында жасаймыз деп өздерінің міндеттеріне алып отыр. Егер орындамаған жағдайда сотқа жүгінеміз.

Жауаптылар құм тоқтату жұмыстары жалғаса береді дейді. Алда Нарын, Сағыз, Қарабау, Қаракөл, Жасқайрат, Бүйрек секілді шағылға көмілген 6 ауылға сексеуіл егілмек.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу