Биыл коммуналдық қызметтер құны 30 пайызға дейін қымбаттайды. Бұл туралы Премьер-Министр айтты. Барлық аймақта инфрақұрылымдық желілердің әбден тозуы осыған апарып отыр. «Таяуда апат болған Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы жағдай саладағы ахуалдың мүшкіл екенін көрсетті», - дейді Үкімет басшысы. Жарылыстан екі бірдей өңір жарықсыз қалды. Тарифті өсірген соң, ескірген кәсіпорындарды бір жыл ішінде қызыл аймақтан шығару жоспарланған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, барлық коммуналдық қызмет орта есеппен 3-4 мың теңгеге артады. Екі бөлмелі пәтер үшін жылу тарифі 1620, электр жарығы 660 теңгеге, ал су тарифі 200 теңгеге қымбаттайды.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Қабылданған түзетулер коммуналдық кәсіпорындардың иесіз желілерді ұстауға және пайдалануға жұмсаған шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың қамтылуын арттыруға және көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал коммуналдық төлем негізгі табыстың 10 пайызынан асса, қалғанын мемлекет өтейді. Ол үшін жергілікті әкімдікке жүгіну қажет. Үкімет тарифті арттыру арқылы сантехниктер мен электр дәнекерлеушілердің жалақысын екі есе өсірмек. Осылайша, коммуналдық қызметкерлердің орташа табысы 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін артады. Ал бұла салада 200 мың адам жұмыс істейді екен.
Айя Мүтәлі