Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданындағы Чкалов ауылының тұрғындары дәрігерге қаралу үшін 90 шақырым жердегі аудан орталығына сабылады. Ауданда медицина мамандары тапшы, қызмет сапасы нашар. Ал жергілікті билік мәселені біле тұра шарасыз дейді тұрғындар.
Чкалов елдімекенінде 360-қа жуық тұрғын бар. Мұнда дәрігерлік амбулатория атымен жоқ. Денсаулығына алаңдаған жұрт осылай өз күндерін көріп әлек. Кәсіби маманның көмегіне жүгіну үшін 90 шақырым жердегі аудан орталығына баруы керек. Алайда мұндағы басы ауырып, балтыры сыздағандардың басым дені егде жастағылар. Олар жолды көтере алмайды. Жедел емес жәрдемнің де зары әбден өткен.
Валентина Плотникова, Чкалов ауылының тұрғыны:
Егер денсаулығымыз нашарлап кетсе, кімге барарымызды білмейміз. Бізге дәрігер тұрмақ, жедел жәрдемнің өзі келмейді. Себебі біз Бұқар Жырау ауданына тіркелгенбіз. Ал аудан орталығы бізден 90 шақырым жерде орналасқан. Біздей қарияларды жеткізгенше, өліп кетуіміз де ғажап емес.
Теміртау қаласы ауылға тиіп тұр. Алайда ондағы дәрігерлер Бұқар жырау ауданы тұрғындарын қабылдамайды.
Ирина Хрящукова, Чкалов ауылының тұрғыны:
Ине салатын адам жоқ, тіпті қан қысымын өлшейтін дәрігерді таппайсың. Бұрын ауылда мейірбикеміз болған. Ол ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнетке шығып кетті. Іргедегі 1,5 шақырым орналасқан Теміртау қаласы бізді қабылдамайды. Себебі тіркеуде жоқпыз.
Ауылдағы ескі амбулаторияның сиқы мынау. Есік-терезесі аңғал-саңғал, әбден тозығы жеткен ғимарат қашан қайта қалыпқа келтірілетіні белгісіз. Әзірге ауылдағы нысандардың бірін уақытша жалдап медициналық қызмет көрсету мәселесі қарастырылуда. Бірақ дәрігер тапшылығы бүгін-ертең шешілмейді деп отыр. Өйткені бұл мәселе аудан бойынша өткір тұр. Сондықтан 12 шақырым жердегі Самарқанд ауылынан дәрігерлер қатынап тұрады.
Нұрлан Есентаев-, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:
Аудан бойынша 40-50 дәрігер жетіспейді. 67 ауылдар бар. 29 ауылдық округтар бар. Жас мамандар келгісі келмейді. Кейбір ерлі-зайыптылар келуі мүмкін. Бірақ біреуіне жұмыс табылмаса, келмей қалады.
Дәрігерлер облыс бойынша жетіспейді. Салдарынан ауыл медицинасы ақсап тұр. Бүгінде өңірге қарасты ауыл-аймақтарда 200-ден астам маман тапшы. Ал бұрынғы дәрігерлердің дені қартайып қалған.
Руслан Нұрланұлы