Петропавлда битум тапшы. Салдарынан жол құрылысы кешеуілдеді.
Биыл қалада 30 көшенің жолын жаңалау жоспарланған. Алайда жұмыстың 30 пайызы ғана атқарылды.
Евгений Осмехин, мердігер компанияның бас инженері:
Битум тапшылығы – жыл сайын қайталанатын проблема. Біз оны павлодарлық зауыттан аламыз. Кәсіпорын үнемі жаз маусымында күрделі жөндеуге жабылады. Шикізат тапшылығы қолдан жасалып отыр деп ойлаймын. Салдарынан бірнеше жоба келер жылға қалып қоюы мүмкін. Жұмыс қарқыны екі есе төмендеп қалды.
Әрі шикізат бағасы бірден шарықтап кеткен. Көктемде битуммың тоннасы 130 мың теңгеден саудаланса, қазір 280 мың. Мамандардың айтуынша битумды аймақтарға «Қазавтожол» ұлттық компаниясы бөледі. Облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы 45 мың тонна шикізатқа тапсырыс берген. Алайда, сұраныс толық қанағаттандырылмады.
Мақсат Баяхмет, СҚО Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Жыл басында «Қазавтожол» компаниясы біздің облысқа битумның 20 мың тоннасын бөлді. Мердігерлер қосымша 10 мың тонна сатып алды. Павлодар мұнай өңдеу зауыты шілденің 20-сы күні қайта іске қосылмақ. Содан кейін шикізат жеткізіле бастайды.
Эльмира Кәленова