Еуропада қазақ тіліне сұраныс күннен-күнге артып келеді. Қазақша хат танып қана қоймай, бай тілді терең зерттегісі келетіндердің қарасы мол. Соның бірі бельгиялық Стейн Ромбоут. Студент 5 жылдан бері қазақшаны ғаламтордан үйреніп жүр.
Бельгиялық студент Стейннің қазақша тіл сындырғанына бес жыл болыпты. 2018-дің жазында елге алғаш сапарлап, Алматы, Шымкент пен Түркістанды асықпай аралаған. Ұлы дала еліне, қазақ тіліне деген махаббат сол сапарда оянды, дейді өзі.
Стейн Ромбоут, «Ku leuven» университетінің студенті:
Қазақстан өте қызықты ел. Мен Қазақстанды жақсы көремін. Бес жыл бұрын Қазақстанға турист ретінде бардым. Маған қазақ табиғаты қатты ұнады. Қазақтар да өте қонақжай.
Қазақтың мәдениеті мен тарихына терең бойлағысы келетін Стейннің қазақша аты-Сырым. Сырым Датұлы сияқты батыр, батыл болсам деп осы есімді таңдағанын айтады. Ғаламтордан қазақ тілін үйренгелі Абайдың шығармаларын қазақша оқуға тырысып жүр.
Стейн Ромбоут, «Ku leuven» университетінің студенті:
Мен түрікше білемін, сондықтан қазақ тілін үйрену онша қиын емес. Бірақ, әлі де грамматика қиын болуы мүмкін. Оқулығым бар. Күніне елу сөз қайталаймын. Маған «мәссаған» деген сөз ұнайды.
Түрік, француз, нидерланд, ағылшын, қытай, албан тілдерін білетін Сырымның ендігі арманы-қазақ тілін жетік меңгеру. Мақсатына қол жеткізу үшін қазір Бельгиядағы қазақ жастарымен достасып, қазақша сөйлесіп жүр. Болашақта Қазақстанда тұрып, біраз жыл тіл маманы ретінде жұмыс істегісі келеді.
Нұрсұлу Қасым