Қостанай облысында шегірткеден зардап шеккен аудандар саны оннан асты. Қазір өңірде зиянкеспен күрес жалғасып жатыр. Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, жағдайды бақылау үшін өңірге арнайы іссапармен ауылшаруашылығы министрі ат басын бұрды. Осы уақытқа дейін облыста зиянкестерге қарсы 300 мың гектарға жуық жерге химиялық өңдеу жүргізілген.
Егістікке шегіртке қаптағанын айтып он күн бұрын Жангелдин ауданының шаруалары дабыл қаққан еді. Көп ұзамай зиянкестер Наурызым ауданына жайыла бастады. Бір шеті Амангелді ауданындағы Қарасу ауылының аумағына жетті. Шаруалар ала жаздай киіктен қорыған егісті енді шегіртке отап кете ме деп алаңдаулы.
Сағадат Дәуғарин, шаруа:
Қайта-қайта алқапқа түсіп кетіп жатыр киік. Қорыған болып жатырмыз. Бірақ маза бермей тұр. Ал шегірткенің шеті бізге де келіп жатыр. Аумақтық инспекция жұмыс істеп жатыр.
Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты мекемелер қауіптің алдын алу үшін шұғыл әрекетке кірісті. Зиянкестерді улауға 31 жерүсті техникасы мен 3 ұшақ және 6 дельтаплан тартылды. Соның арқасында шегірткенің әрі қарай таралуының жолы кесілді.
Василий Куц, шаруа:
Біз шегіртке ұшып келе бастағанда бірден аумақтық инспекцияға хабарладық. Олар жылдам әрекет етті. Зиянкестер түскен аумаққа химиялық өңдеу жүргізілді. Соның арқасында егінімізге шегірткеден зиян келген жоқ.
Жағдайды көзбен көру үшін облысқа ауылшаруашылығы министрі келді. Оның айтуынша облыс бойынша зиянкестер тек 500 гектар алқапты отап кеткен. «Бұл жалпы егістіктің 1 пайызына жетпейді. Қазір шегірткеден қауіп толық сейілді»- дейді министр.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Бірде бір гектар енді шегірткеден зардап шекпейді. Техника, мамандар, улайтын дәрілер бір жеткілікті. Енді біз алдағы жылға зерттеу, болжау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесі бойынша келешекте атқарылатын жұмыстарды белгілейміз.
Ал киіктің кесірін жергілікті жұрт Мәжіліс депутатымен болған кездесуде көтерген. Мәжілісмен бұл түйткілді назарда ұстап отырғандарын жеткізді.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бірнеше дүркін Үкіметке депутат ретінде сауал жолдадық киікке байланысты. Бұның санын реттеу керек. Киікті атуға рұқсат берілуі керек.
Алайда киік аулау қанды қасапқа айналмай, құзырлы орындардың бақылауымен жүзеге асуы тиіс дейді» депутат. Қалайда ақбөкендердің санын шектемесе, оның соңы үлкен зардаптарға соқтыруы мүмкін.
Дәуренбек Әбдібек