Бүгін Англияда мыңдаған мұғалім ереуілге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Англияда мыңдаған мұғалім ереуілге шықты

05.07.2023

Бүгін Англияда мыңдаған мұғалім ереуілге шықты. Жалақысы аз ұстаздар қауымы табыстарының инфляция деңгейінен жоғары болғанын талап етеді.

Марина Бекенова, тілші:

Соңғы екі жылда ұстаздар қауымының айлығы 5 пайызға өсті. Бірақ, шарықтаған инфляция деңгейімен салыстырғанда бұл түк те емес дейді олар. Сондықтан төрт бірдей кәсіподақ ұйымына мүше мұғалімдер парламент алдына жиналып, наразылықтарын білдіруде.

Наурызда өткен келіссөздерден кейін үкімет мұғалімдерге 1000 стерлинг фунты көлемінде біржолғы төлем ұсынған. Келесі жылы жалақыны 4,3 пайызға көтереміз деп те уәде беріп отыр. Бірақ ұстаздар қауымы мұнымен келіспейді. Білім министрі болса, жаңа келіссөздер өткізуге дайын емес екенін ескертті. Айта кетер жәйт, елде мектеп оқушылары әлі каникулға шыққан жоқ. Осы айдың аяғына дейін оқиды. Бірақ, мыңдаған бала үшін қазір сабақ тоқтап тұр. Ереуіл жұма күні де жалғаспақ.


Хабарламаларға жазылу