Ресейдің Астрахан облысында қазақ тілін үйренем деушілердің саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Астрахан облысында қазақ тілін үйренем деушілердің саны артқан

05.07.2023

Ресейдің Астрахан облысында қазақ тілін үйренем деушілердің саны артты. Қазір жергілікті мектептерде қазақ тілі факультатив пән ретінде оқытылады. Сонымен қатар өңірде түрлі тіл үйірмелері де жұмыс істейді.

Астрахан облысында 150 мыңға жуық қазақ тұрады. Бұл барлық тұрғындардың 17 пайызы. Осыған дейін тілді тереңдетіп оқытуға оқулықтың жоқтығы кедергі болатын. Енді Алтай өлкесінде Ресейдегі қазақ балаларына арнап оқулық шығарылды.

Шахидолла Милат, студент:

Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Өз елімнің тілін, тарихын білгім келді. Мен үшін бабаларымыздың кім болғанын оқып білу маңызды. Біздің әулетте ата-әжем, бауырларым мен әке-шешем бәрі қазақша сөйлейді. Дәстүрімізді құрметтейді.
Астрахан мемлекеттік техникалық университетінде қазақ тілі тұрақты түрде оқытылады. 20 жылдан бері мұнда аптасына үш рет қазақ тілі, Қазақстан тарихы және мәдениеті бойынша қосымша сабақтар өткізіледі.

Елена Полховская, дайындық факультетінің деканы:

Бұл сабақтар студенттер үшін тегін. Оған университетіміздің кез келген студенті қатыса алады. Сондай-ақ, өзге де жоғары оқу орындары мен колледж жастары да келіп үйренулеріне жағдай жасалған. Қазақтың тілін, тарихы мен мәдениетін білуге ынтасы бар жастардың бәрін қабылдаймыз.
Өңірдегі мұғалімдер Қазақстандағы әріптестерімен байланысты күшейткісі келеді. Өйткені қазір бірнеше мектепте қазақ тілін міндетті пән ретінде оқыту жоспарланып отыр.


Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу