Жамбыл облысында жалпы аумағы 181 мың га егістік алқаптарының тең жартысына су жеткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жалпы аумағы 181 мың га егістік алқаптарының тең жартысына су жеткізе алмай отыр

04.07.2023

Жамбыл облысында жалпы аумағы 181 мың га егістік алқаптарының тең жартысына су жеткізе алмай отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрлігі дабыл қақты. Өйткені, бір жарым айдан бері аймақтағы бірнеше ауданда тіршілік нәрі тапшы. Талас, Байзақ және Жамбыл ауданындағы дихандар кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Алқап басында ашуға булыққан дихандар еңбегіміз еш кететін болды деп күйінеді. Жамбыл ауданы, Өрнек ауылындағы 80-ге жуық шаруа бір жарым айдан бері сусыз отыр. Олар 100 га астам жерге бау-бақша өнімдерін еккен. Енді бір аптада су келмесе, тегіс қурап қалады деп қорқады.

Жандос Мақұлбеков, шаруа:

Біз үкіметтен техника сұрап отқан жоқпыз. Айналдырған қара су сұрап отырмыз. Бақша деген мынау қурап жатыр. Бүйткен әкімнің керегі не мысалы су шаруашылығының керегі не мысалы сумен қамтамасыз ете алмаса.

Бауыржан Нарқұлов, шаруа:

Судың шамасына қарай договорға тұрғызу керек еді. Қалған халыққа айту керек еді; болды, біздің шамамыз осы суға жетеді осы жерге. Мынау поляда қазір 17 гектардың 5 гектары күйіп кетті. Су жоқ.

Ағын суға жауаптылар тапшылықты жауын-шашынның аз түскенімен байланыстырады. Сондықтан 150 млн текше метрлік Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы жартысына да жетпей тұрғандықтан суды үнемдеуге көшкен. Аз «ҚазСуШар» мекемесі қырғыз тауларының мұздықтары ерімей жатқандықтан, су сұраған елге кезек күтуге тура келетінін айтады.

Саят Тұрдықұлов, «Қазсушар» РМК «Жамбыл» өндірістік бөлімінің басшысы:

3 канал ғой бұл жақта. Біз кезек-кезек берейін деп отырмыз. Бір каналға 300 литр су сияды, 1 каналға 300 литр қалған «Айтақ» деген канал ол үлкен канал. Үш-үш күннен беріп сөйтіп суарамыз. Өйткені 3 каналға да бірдей жіберсек құр каналды суғарамыз.

Ал Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова магистральды каналдардан су ұрлау деректері тиылмай тұрғанын айтты. Мәселен Шу ауданындағы Тасөткел каналы бойынан 200-ден астам су сорғылар табылған. Сондай-ақ ол аймақ шаруаларының біразы су алу бойынша шартқа отырмағанын жеткізді.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

Жамбыл облысында пайдаланылатын суармалы жерлер туралы нақты мәлімет жоқ екені белгілі болды. Әкімдіктің мәліметі бойынша 181 мың га суармалы жер бар. Ал осы жылы жасалған шарттар бойынша «Қазсушар» тек 93,6 мың га жерге ғана су беретін болады. Қалғандарында келісімдер жоқ.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Министр каналдарды тазарту, суару кезегін реттеу бойынша жамбылдық шенеуніктер нақты жұмыстар жасау керек дейді. Аймақ атқамінерлері болса, бұл бағыттағы жұмыстарға көктемнен кіріскенін жеткізді. Ал Жамбыл, Байзақ, және Талас ауданының дихандары суға кезек күтіп жүргенде өнімсіз қаламыз ба деп алаңдайды.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу