Қазақ журналистикасына құрмет көрсетілді. Астананың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында БАҚ өкілдеріне арналған «Журналистер» аллеясының салтанатты ашылу рəсімі өтті. Саябақ – қолына қалам ұстаған тілшілер қауымының басын қосатын, бұқаралық-мəдени шаралар өткізетін алаңға айналмақ. Аллеяда баспа саласы қызметкерлерінің құрметіне арнайы «Оқырман» және тілші мен оператордың арнайы мүсіні орнатылған. Ал «Қазақстан және БАҚ» деп аталатын сәнді стеллада қазақ ұлттық баспасөзінің бағдары болған Ахмет Байтұрсынұлы мен тәуелсіз қазақ басылымдарының баһадүрі Шерхан Мұртазаның бейнесі қатар орналасқан. Онда барлық басылымдар мен телеарналардың аты жазылған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бүгін отандық журналистика үшін тарихи сәт екенін атап өтті.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Біздің 100 жылда жүріп өткен жолымыздың, журналистикасындағы жылнама іспетті бағалауға болады. Таяуда ғана Мемлекет басшысының қамқорлығымен екінші ақпан күні «Қазақ» газеті жарияланған күн «Ұлттық баспасөз» күні деп аталғанын білесіздер. Бұл да бір сабақтастықтың үлкен бір көрінісі. Саябақтың елорда күні қарсаңында Егемен Қазақстан мен Каз Правда ғимаратының алдында ашылуында да символикалық мәні бар.