Франциядағы жағдай тұрақтала бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франциядағы жағдай тұрақтала бастады

03.07.2023

Франциядағы ахуал - күллі әлемнің назарында. Жасөспірімнің қазасынан кейін басталған тәртіпсіздіктер 6 күнге ұласты. Дегенмен бүгін толқу сәл де болса саябырсыды. Марқұмның жақындары ылаң жасағандарды тоқтауға шақырды.

Францияда бүгінге қараған түн сәл де болса тыныш өтті. Елдегі жаппай тәртіпсіздіктер 6-ші күнге ұласқан. Полиция оғынан қаза тапқан жасөспірімнің әжесі шерушілерге үндеу жасады.

Францияда тәртіпсіздіктер өткен аптаның сейсенбісінде басталды. Наразылық 17 жастағы ұлты араб жасөспірім полиция оғынан қаза тапқаннан кейін өршіді. Оқиға Париж сыртындағы Нантер қаласында болған. Жеңіл көлікпен келе жатқан Наэльді полицей жылдамдық асырды деп тоқтатады. Кейін тәртіпке бағынбады деп атып тастаған.

Жеральд Дарманен, Франция ішкі істер министрі:

Жантүршігерлік оқиға. Полиция қызметкері жазасыз қалған жоқ. Ол сол күні қамауға алынды, түрмеде отыр.

Елдегі ресми ақпараттарға сай, жүздеген ғимаратқа зақым келген. Банк бөлімшелері, дүкендер тоналып, көліктерге өрт қойылды. Мыңға жуық адам ұсталған. Тәртіпті бақылауға алу үшін 45 мың полицей жұмылдырылған. Элиталық арнайы жасақтар тартылды. Көшеге бронетехника да шығарылған.

Шетелдік басылымдар толқу Францияда бірқатар өзекті мәселенің басын ашып берді деп жазуда. Атап айсақ, нәсілшілдік, полицияға қару қолдануға құқық беретін заңды өзгерту, экономика мен білім беру саласындағы олқылықтар, жұмыссыздық. Ал ел билігі толқуларға әкелген себептерді егжей-тегжейлі анықтауға кірісті. Президент Эммануэль Макрон Германияға мемлекеттік сапарын кейінге шегерді. Ол бүгін тәртіпсіздіктерден зардап шеккен 220 қаланың мэрімен кездеседі.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу