Жетісу облысында мемлекеттік тілді үйрету лагері еліміздің әр өңірінен келген 65 адамға тіл үйретті. Бұл шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған. Өзге ұлт өкілдері бес күн бойы Жетісудың әсем табиғаты аясында қазақ тілін үйреніп қана қоймай, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрімен жақынырақ танысты. Білікті мамандар мемлекеттік тіл үйретудің жаңа тәсілдерін қолдану арқасында аз ғана күнде жақсы нәтижеге қол жеткіздік дейді. Лагерьдің жабылу рәсімінде барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Нұрлан Шубаев, «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары:
Мемлекеттік тілді білу мәртебе деп санаймыз. Сол себептен этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген құлшынысын, талпынысын арттырып, соны ары қарай жетелеу біздің басты мақсатымыз болып табылады.
Владислав Толочко, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Қазақтың салт-дәстүрін үйреніп, музейге бардық, экскурсия да қатты ұнады. Және осы жан-жақтан жиналған адамдармен осы жылы атмосфера да жақсы болды, күшті көңіл-күймен бірге уақыт өткіздік. Табиғаты да өзіне баурап алды.