1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді

02.07.2023

1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Адам өмірінің циклдік кезеңдерін түгел қамтитын Құжатты іске асырудың негізгі құралы – отбасының цифрлық картасы. Ол жыл басынан бері қолданысқа енгізіліп қойған. Содан бері 800 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға болатыны туралы СМС хабарлама жолданыпты. Сондықтан бұл картаны министрліктегілер «электронды жаршы» деп сипаттайды. Сондай-ақ, цифрлық картаның көмегімен жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер проактивті форматта тағайындалады. 

Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

Мысалы бір азамат баласы дүниеге келуі мүмкін, бала күтімі бойынша проактивті форматта әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Бір азамат жұмысынан айырылуы мүмкін, біреу асыраушысынан айрылуы мүмкін, біреу көп балалы ана, болмаса Күміс, Алтын алқа, Даңқ дәрежесіне жетуі мүмкін. 2024 жылы білім саласын қосу жоспарда бар, 2025 жылы медицина саласын қосу жоспарланған. Бұл ертең баланы балабақшаға беру, мектепке тұрғызу болсын, түрлі медициналық көмекті, қызметті алу болсын, барлығы осы Отбасының цифрлық картасының аясында жүзеге асатын болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі Әлеуметтік кодексте көзделген басқа да новеллалар аясында 1 шілдеден бастап не өзгергенін де айтты. Мәселен, мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын азаматтарға және асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5 пайыз артты, деді. Естеріңізде болса, бұл төлемдер жыл басында 8,5 пайыз өскен еді. Демек аталған жәрдемақы мөлшері былтырғыдан 23 пайыз ұлғайды деген сөз.

Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

Екіншіден, арнаулы атаулы көмек алатын отбасылар бар. Солардың 1 жастан 6 жасқа дейін балаларына мемлекеттік кепілдендірілген пакет бар. Соны 1,5 АЕК монетизациялау жүруде. Ол да жалғасын табады. 01,20 Үшіншіден, арнайы статус енгіздік, наградталған, яғни Алтын алқа, Батыр ана, «Даңқы» бар аналарға 6,4 АЕК мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем алып жатса, енді ол 7,4 болады.


Хабарламаларға жазылу