Жамбылда үш бірдей ауданның ортақ айдынына айналған Билікөл тартылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда үш бірдей ауданның ортақ айдынына айналған Билікөл тартылып барады

30.06.2023

Жамбылда үш бірдей ауданның ортақ айдынына айналған Билікөл тартылып барады. Қазірдің өзінде көл суы жағалаудан 1 шақырымға дейін алыстап кеткен. Бұл жағдай айдынды жағалай қонған 12 ауылдың тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Себебі, Билікөлдің суын басқа арнаға бұрғаннан экологиялық апат қауіпі төніп тұр. Тұрғындар талабын Данияр Әлімқұл тыңдап келді.

Жуалы жерінде жатқан Билікөлдің тағдыры балықшылардың базынасына айналды. Көпшілік «көлдің суын көрші ауданға көп мөлшерде жіберіп жатыр» деп суға жауаптыларды кінәлайды. Айтуларынша, айдынның суын қолдан қазылған канал арқылы Талас ауданындағы Ақкөлге ағызу толастамай тұр.

Жаңабек Садықов, Қарабастау ауылының тұрғыны:

Билікөлге су құйылмайтын болса, Асаның суы құйылмайтын болса, баяғы Аралдың кебін киеді. Бүкіл тұзы ұшып, көлдің түбіндегі фосфор ұшады да, сол фосфордың зиянын көреді.

Көлді жағалай қонған 12 ауыл бар. 90-ға тарта қожалық қоныстанған. Балық ұстап, мал өсірген ағайын көл мәселе көтерілгелі 3 жыл болғанын айтады. Бірақ суды жіберу тәртібі жолға қойылмаған дейді.

Қадырқұл Мысбаев, Билікөл ауылының тұрғыны:

Табиғатқа қиянат! Бір Ақкөлде 500 га суарылады екен. Сонда 1 Ақкөл үшін 3 ауданның халқы, Билікөлді жағалаған халыққа зардап тигізу керек пе?

Ал суға жауаптылар бұл дау туғызатын дүние емес дейді. Көлдің кемеріне жетпеуін табиғи құбылыс деп топшылайды.

Нұрболат Рахымбердиев, Су қорын мемлекеттік бақылау және қорғау бөлімінің басшысы:

Тартылып кетпейді. Билікөл ешқашан тартылмайды. Егер су көп болатын болса табиғи арнамен аққанға не жетсін. Бірақ ондай су болмай жатыр ғой. Сұлтан каналын егер істейтін болсақ, онда келген суда екі жаққа тиімді бөлеміз.

Мекеме мамандары суды бөлетін Сұлтан каналы толық қуатымен жұмыс істемей тұрғанын жоққа шығармады. Бірақ нақты қашан жөнделетінін де айта алмады.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу