Президент ІІМ алқа отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ІІМ алқа отырысын өткізді

30.06.2023

Полицияға жүргізілген реформалардың нақты нәтижесі мен оң өзгерістерін халық көріп отырған жоқ. Бүгін Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында осылай деген Президент түйіткілді мәселелерге тоқталып, саланы жетілдіруге қатысты тапсырмалар берді. Қасым-Жомарт Тоқаевты әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық, жастар арасында қылмыстың көбеюі мен жол апатының артуы алаңдатып отыр. Жұрттан айласын асыратын алаяқтар мен есірткі саудасын қыздырғандар да азаяр емес.

Тәуелсіздік алғалы ішкі істер саласы реформадан көз ашқан жоқ. Қазір қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмысқа қарсы күресетін айбынды полициямыз бар. Десе де ұзақ жылдардан бері жүргізілген реформалардың нәтижесін халық көріп отырған жоқ деді Президент. Өйткені қылмыс азаяр емес. Әсіресе алаяқтық өршіп барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді, кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр.

Қамауда отырғандар жақында елге қайтарылады. Президент тиісті тапсырмаларды берді. Жалпы бұл алаяқтық бабы бойынша қозғалған мыңдаған істің бірі ғана. Оның үстіне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болмай тұр. Статистика адам шошытады. Соңғы екі жарым жылда жанұядағы жанжалдан 300 адам көз жұмған. Қорғансызға қол көтерген 40 мыңдай адам жауапқа тартылды. Бірақ салдарымен күреспей, мәселені түп тамырымен жою қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді.

Қылмыс – арам шөп сияқты. Бірін жұлсаң, екіншісі шығады. Тіпті педофилдер мен ұры-қаралар қаптаған камерадан қаймықпай қылмысқа барып жатады. Сабақ оқып, білімін жетілдірудің орнына жеткіншектер де көше тәрбиесін алып, заң бұзудан тайынбайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек. Әсіресе, заң бұзудың салдарын анық көрсетуі қажет.

Қылмысты ғана емес, Ішкі Істер министрлігі жантүршігерлік апаттарды азайта алмай отыр. Оның саны соңғы бірнеше жылда 9 пайызға көбейген. Ал күре жолдарда қырылған жолаушылардың саны - бір ауыл.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Полицейлер тек тәртіп пен заңға бағынуы керек. Жиында президент осыны қатаң ескертті. Яғни түрлі қылмыстық топтармен бірігіп, бұзақыларға қамқорлық жасау, істеріне көз жұма қарау, секілді фактілер болмауы керек деді. Әрі күдіктілерді азаптап қинауға да жол жоқ. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев есірткіге қарсы күресті күшейтіп, бюрократияны жоюды тапсырды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Әрі тәртіп сақшылары халыққа жақын болып, олардың нағыз қорғаушысына айналуы керек. Десе де қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз деді Тоқаев. Бұдан бөлек, ішкі істер органдарына әлеуметтік қолдау арта беретіні айтылды. «Бұл азаматтарды қорғау мен қоғамдық тәртіпті нығайту үшін маңызды. Ал темірдей тәртіп – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі.» деді мемлекет басшысы.


Хабарламаларға жазылу