Құрбан айт қарсаңында сойылатын малға сұраныс артты. Сауда әлден ақ қызған. Мәселен Атырауда қойдың құны 130 мың теңгеге дейін көтерілген. Ал кейбір аймақтар бірнеше жылдан бері құрбандыққа шалынатын малдың құнын қымбаттатпай бағаны бақылауда ұстап отыр.
Құрбан айт қарсаңында Ақтөбедегі мал базарының іші де шопан ата төліне толды. Кешелі бері аудандардан ағылған шаруалар сауданы қыздыруда. Ал баға бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 2-3 мың теңгеге ғана өскен. Тоқтылардың құны 40-45 мың, үлкен қойлар 60-80 мың шамасында.
Қалдыбек Сарин, шаруа қожалығының иесі:
100 бас малмен кіріп отырмын. Алла амандығын берсе жайлап-жайлап өтіп жатыр. Сауда жақсы. Малдың бағасы – бір. 45 мыңнан болса мына жерде, ол жерде де 45 мыңнан.
Ал Атырау халқы мал бағасы аспандап кеткеніне наразы. Қойдың құны 70-130 мың, мүйізді ірі қара 350-600 мың теңге аралағында. Тұрғындар былтыр 50-60 мыңға семіз ісек алса, биыл арығын тапсаң жақсы дейді.
Балқаш Сәрсенова, Атырау қаласының тұрғыны:
Мал алуға келдім, айт шалғым келеді. Бірақ та малдар өте қымбат, пенсионерміз біздер енді, ақшамызға келмей тұр. +осындай айтта түсірген дұрыс қой деп ойлаймын.
Айболат Ғилманов, сатушы:
Ауызға келген бағаны айта бермейміз. Но енді халықтың да жағдайын түсінуге болады, қол жетімді баға деп келіп тұрмыз. Жолымыз бар, бензиніміз бар, қазір енді әр заттың да арзаны жоқ. Малшының бағушысы бар, бәріне де жалақы төленеді.
Ал Жамбылдағы мешіт қызметкерлері бағаны шарықтатқандар сауаптан қағылады дейді. Сондықтан саудагерлермен сөйлесіп, қой құнын көтермеуді айтқан. Нәтижесінде 3 жылдан бері тұрғындар тарапынан бағаға қатысты базына жоқ көрінеді.
Есет Таласбаев, Орталық мешіттің наиб имамы:
Ешкінің бағасы 45 мың теңгеден, қойдың бағасы 65 мың теңгеден, ал сиырдың бағасы 7 адам бірігіп сойса, әрбір адам басына 60 мың теңгеден сойлып жатыр. Бұл баға биыл 3-ші жыл тұрақты түрде келе жатыр. Бір тауарды сатып алып, мұқтаждық туған кезде сату – бұл шариғатымызда үлкен күнә болып есептеледі.
Биыл Тараздағы орталық мешіттің өзінде құрбандық асы 17 мың отбасыға үлестірілмек. Ал аймақ бойынша онлайн түрде құрбан шалуға 340-тан астам мешіт ат салыспақ.
Данияр Әлімқұл