Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай кезінде тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосқан әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің мұраларын зерттеу мен қатар дәріптеу қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта Түркістаннан «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін көтерді. Құрылтайда айтылған бұл бастамаларды өңірдің зиялы қауым өкілдері мен ғалымдары қалай қабылдады?
Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген сұлтан хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр атырапқа билігін жүргізді. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шараға төрелік айтты. Ел-жұртты береке-бірлікке шақырды. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Түркістандық ғалымдардың пікірі де осыған саяды.
Шәкір Ыбраев, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Тәуелсіз Қазақстанның рухани кеңістігін ең алдымен өзіміздің төл мәдениетіміздің, тарихымыздың болған осындай ұлы тұлғалардың мұрасымен толықтыруымыз керек. Ясауиді біз жан-жақты игеріп, оның мұрасын насихаттайтын болсақ, моральдық-этикалық нормаларымыздың, діни сенімдерімізді белгілі бір өзіміздің дәстүрімізге сай төл құндылықтарымызға сай сусындайтын боламыз.
Бұдан бөлек, Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілгенін еске салып, оны қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысының ғұламаның мұраларын зерттеп, дәріптейтін ғылыми орталықты ашу туралы бастамасын оның көптеген еңбектерін жарыққа шығаруға септігін тигізеді.
Досай Кенжетай, Ясауитанушы-ғалым, теология-философия ғылымдарының докторы, профессор:
Президент айтқандай бір орталық ашылса, мүмкін оған қаржы дұрыстап бөлінсе, онда Ясауиді танудың, дәріптеудің, зерттеудің жаңа бір белесі ашылар ма еді деп үміттенемін.
Ұлт болып ұйысу үшін Ясауиді тану және таныту қажет. Түркістандағы университетте қазір Ясауи ілімі мен мұрасын зерттейтін ғылыми зертхана мен арнайы орталық ашылған. Түркология институты құрылды.
Жанар Темірбекова, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:
Қазіргі таңда біздің қоғамымыздағы құндылықтарды қайта қарау және мынау әділетті Қазақстан құру үшін әмбебап адам құқықтары құндылықтарын қайта жаңғыртуда біздің тарихи тұлғаларды алдыңғы шенге шығару өте мағыналы да, маңызды іс болып тұр.
Кейінгі кезде ғалымдар арасында Қожа Ахмет Ясауи философиясының қазақ халқына идеология бола аларлық астары бар екені айтылып жүр. Яғни, қоғамды жетілдіру үшін міндетті түрде адамды, қоғамдық қатынастарды жетілдіру керек. Адамның санасын жетілдіру арқылы кемел тұлғаға айнала алады. Ұлттық құндылықтарымызды бойымызға толық сіңіргенде ғана бәсекеге қабілетті боламыз.
Айнұр Әбілқасымқызы