Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен 65 БАҚ өкілі баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен 65 БАҚ өкілі баспаналы болды

26.06.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен 65 БАҚ өкілі баспаналы болды. Астана төрінде су жаңа пәтер кілттерін иелеріне Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай табыс етті. Қуанышқа бөленгендер қатарында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының 24 қызметкері бар. Қоныс иелерін әріптесіміз Самал Қабышева құттықтап қайтты.

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек дегендей, бұл қоныс иелерінің орны бөлек. Себебі, алғаш рет тікелей Президенттің тапсырмасымен журналистер қауымы баспаналы болып жатыр. 28 маусым БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында үйлі болғандар ішінде журналист те, оператор да, режиссер, продюсерлер де бар. Қуанышы еселеніп жатқандардың бірі – Ұлттық арнаның жаңалықтар қызметінің жүргізушісі Шерхан Жамбылұлы.

Шерхан Жамбылұлы, журналист, тележүргізуші:

Осыған дейін пәтер жалдап тұрдық. Енді, міне, журналистикада жүрген 10 жылдық еңбегіміз ақталып, осындай пәтер беріп жатыр, өте қатты қуаныштымыз. Корпорацияға, басшылыққа көп рахмет.

Ұлттық арнада 17 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Гүлбану Сапабекова да баспаналы болды. Ол продюссер-үйлестіруші. Кадрдың сыртында жүрген маман 50 жастан асқанда баспаналы болып отыр. Бұл қуанышына әлі де сенер алар емес.

Гүлбану Сапабекова, продюсер-үйлестіруші:

Осы уақытқа дейін пәтер жалдадым. Таныстарымның үйінде тұрдым. Міне, өзіміз екі бөлмелі пәтер алатын болдық.

Президент Қасым-Қомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 65 БАҚ өкілі үйлі болса, 24-і «Қазақстан»телерадиокорпорациясының қызметкерлері. Баспана иелеріне пәтер кілттерін табыстаған Руслан Желдібай бүгінде медиа саланың қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.

Руслан Желдібай, ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің Баспасөз хатшысы:

Мемлекеттік медианың қызметкерлеріне пәтер сыйлаймыз. Бұл Мемлекет басшысының сіздерге деген қамқорлығы, сіздерге деген құрметі. Сіздердің жұмыстарыңызға деген жеке алғысы деп қабылдаңыздар.

Самал Қабышева, тілші:

Журналистер мен жалпы БАҚ саласында қызмет етіп жатқан жандарға берілген баспана – заманауи. Міне, есігінің өзін қараңыздаршы, қандай керемет. Үйдің биіктігінің жалпы биіктігі 3 метр. Қабырғасына түсқағаз жабыстырылған. Едені ламинат. Жалпы бір бөлмелі пәтердің жалпы шаршы аумағы 38-44 болса, ал екі бөлмелі пәтерлер 58-68 шаршы метр аралығында екен.

Айта кетейік, БАҚ өкілдеріне пәтерлер тегін берілді.

Хабарламаларға жазылу