Апта басында Қазақстанға мемлекеттік сапармен Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келді. Тараптар соңғы рет 2019 жылғы желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары кезінде кездескен. Ал Штайнмайер Қазақстанға 2017 жылы, Астанада Экспо халықаралық көрмесі өтіп жатқан тұста, ресми сапармен келген еді. Бұл жолғы сапардың мәртебесі де, мәні де жоғары. Оны Германия Президентінің канцеляриясы таратқан ақпараттан да байқауға болады: «Штайнмайер осы сапары арқылы аймақтың геосаяси және геоэкономикалық үлкен маңызы барын көрсеткісі келеді»,-деп жазыпты.
Расында, кейінгі кезде Қазақстанға және жалпы Орталық Азия аймағына еуропалық делегация жиі келетін болған. Әрине, олардың экономикалық және коммерциялық мүддесі басымырақ екені түсінікті. Германия президентінің екі күндік сапарында да осы бағыттағы бірнеше құжатқа қол қойылды. Ал Қазақстан Президенті «Технологияларды шикізатқа алмастыру» формуласына негізделген қарым-қатынас екі тарап үшін де нәтижелі болады деп санайтынын мәлімдеді. Осыған қатысты сарапшылар пікірін тілшіміз Данияр Қайыртай жазып алды.
«Сіздің сапарыңызды асыға күттік»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Президентімен өткен келіссөзде. Бұлай деуіне себеп бар. Президенттер былтыр наурыз айында телефон арқылы сөйлесіп, Штайнмайер Қазақстанға шақырту алған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Германияның Орталық Азия елдерімен сыртқы саудасының 80 пайыздан астамы біздің елге тиесілі.
Ал былтыр екі жақты сауда-саттық 10 млрд доллар болған. Қазақстан Германияны мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі 4 мемлекеттің бірі саналады. Жыл басынан бері Қазақстан «Достық» құбыры арқылы Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына бар болғаны 90 мың тонна мұнай жеткізген. Енді оның көлемі еселеп артпақ.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
Жыл басында шағын көлемде, айына 20 мың тонна жөнелтумен бастағанбыз. Енді қол жеткізілген келісімнің арқасында ай сайын 100 мың тонна жібереміз.
Жақында Қырғызстанда өткен С5+ саммитінде Қ. Тоқаев Германияға тасымалдайтын мұнай көлемін жылына 1,2 млн тоннаға дейін арттыруға әлеуетіміз бар деген еді. Демек сол мәлімдеме нақты келісімге айналып отыр. Сарапшылар ЕуроОдақтың санкциясына іліккен Ресей мұнайын Қазақстан ішінара болса да алмастыра алатынын көптен болжап келеді.
Қайрат Әбдірахманов, Халықаралық қатынастар маманы, Астана халықаралық университетінің вице-президенті:
Бұл жерде біз ГФР-дің бұрын Ресейден алып отырған мұнайдың 20-30 пайыз көлемін ғана толықтыра аламыз. Сондықтан бұл мәселе толықтай Германия мемлекетінің мұнай тапшылығын шешеді деп есептемеймін. Дегенмен мұнай шикізатын сатып алу, оларды диверсификациялау оларда жақсы жоспарланған. Қазақстан соның бір бөлігі.
Алайда «Достық» құбыры Ресейдікі болғандықтан, мұнай көлемін арттыру үшін солардың рұқсаты керек. Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауыты да Украинадағы соғысқа дейін «Роснефтіге» тиесілі болған. Сарапшылар зауыт әлі де ресейліктердің бақылауында, дейді.
Жан Көшербаев, «Аймақтық мәселелерді талдау» ҒЗО сарапшысы, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ:
Германия үкіметі санкция нәтижесінде Германиядағы «Роснефть Дойчленд» деген «Роснефтьтің» бөлімшесін мемлекеттік сенімділік басқаруына алды. Бірақ формальды түрде Роснефть 54 пайызын иеленіп, сол Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытының әлі күнге дейін меншік иесі болып отыр. Формальды түрде. Сондықтан Ресей жағы да Қазақстан мұнайын тасымалдауға мүдделі.
Президент «Технологияларды шикізатқа алмастыру» формуласына негізделген қарым-қатынас нәтижелі болады деп санайтынын айтты. Бұл қандай саясат?
Қайрат Беков, «Аймақтық мәселелерді талдау» ҒЗО сарапшысы, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ:
Бұрын Қазақстан шикізатты технологияға емес, валютаға айырбастап отырған болатын. Яғни ол валюта елге келіп, жұмсалып, оған басқа елдерден тауар сатып алып отырғанбыз. Біз енді өзіміздің қайталанбайтын қазба байлықтарымызды көк ақшаға емес, білімге, қабілетке ауыстыратын боламыз. Ол, әрине, бұрынғы формулаға қарағанда анағұрлым тиімді болады.
Айталық, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Германия Президентінің осы сапары аясында жалпы сомасы 845 млн доллар болатын 17 құжатқа қол қойыпты. Соның негізгісі Шығыс Қазақстан облысында сирек кездесетін металл кенін игеруге қатысты. Қазір неміс геологтары іздеу, барлау жұмысын бастап кеткен.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Германияның компаниясы осында литий кен орнын дамыту бойынша үлкен қаржы, яғни шамамен 2 кен орнына 700 млн қаржы салып, соны игеруге бағытталып отыр.
Еуропа сирек кездесетін жер асты қазба байлығына мұқтаж. Бұл туралы ЕуроОдақ Президенті Шарль Мишельдің былтырғы Қазақстанға жасаған сапарынан кейін жиі айтылып, кейін түрлі деңгейде екі жақты келісімдерге қол да қойылған. Еуропа сирек кездесетін металға неге зәру бола қалды?
Жан Көшербаев, «Аймақтық мәселелерді талдау» ҒЗО сарапшысы, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ:
Германия сирек кездесетін металдарды елге жеткізудің баламалы жолдарын іздестіріп жатыр. Яғни әртараптандыру ниеті көрініп тұр. Сондықтан Қытайдан тәуелділікті азайту үшін, себебі геосяси жағынан қалай өзгеретіні беймәлім. Өте күрделі геосаяси өзгерістер болып жатыр. Ресеймен Украинадағы кикілжіңге байланысты бұл жолда қауіпті. АҚШ өз қорларын өзіне жұмсайды. Вьетнам мен Бразилия алыстау. Сондықтан Қазақстаннан жеткізу тиімдірек.
Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіретін зауыт құрылысына неміс компаниялары 50 млрд доллар инвестиция салатыны былтыр күзде, тағы да сол Шарль Мишельдің сапарында белгілі болған. Ал Штайнмайер осы сапарында Қазақстан премьері Әлихан Смайыловпен бірге Маңғыстаудың Қарақия ауданына барып, сол зауыттың бұрғылау жұмысын іске қосу рәсіміне қатысты. «Жасыл» сутегі деген не өзі?
Айнұр Тұмышева, «Hyrasia energy» компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры:
Кәдімгі суды алып, ішіне ток жіберілген кезде химиялық реакция жүреді. Сутегі мен оттегі бөлінеді. Судың ішіне жіберілетін ток желден және күннен алынатындықтан соңында шыққан сутегі жасыл деп аталады. 2016 жылы Парижде конвенция өтіп, климаттың өзгеруіне байланысты барлық елдер өздеріне талап алды. Сол талап бойынша 2026 жылдан бастап барлық индустриалдық зауыттар жасыл энергетика көздеріне көшуі керек болады.
Зауыт құрылысы 2027 жылы басталады. Ал 2030 жылдан сутегі өндіріле бастайды. Күн және жел станцияларының қуаты 40 гигаватт болады деп жоспарланған. Ал зауыттың қуаттылығы кей дерек бойынша жылына 2 млн тонна, кей дерекке сүйенсек, 3 млн тонна «жасыл» сутегін өндіруге жетпек.
Соның өзі Еуроодақтың осы өнімге сұранысының 20 пайызға жуығын өтей алатынын Қ. Тоқаев өткен айда ОА+ЕО саммитінде айтқан.
Айнұр Тұмышева, «Hyrasia energy» компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры:
Қаражат жағынан Еуропаға Маңғыстауда шығарылған сутегіні импорттау Аустарлия не Чилиде шығарылған сутегіге қарағанда арзан болып тұр. Шығарылатын сутегінің тек қана бір бөлігі экспортқа кетеді. Себебі оны сатып алғысы келіп жатқан еуропалық, азиялық, америкалық елдер, компаниялар көп. Алайда бір бөлігі Қазақстанның экономикасына пайдасы тиеді ме деген үмітіміз бар.
Ал мұндай зауытқа білікті маман керек. Оларды да енді Ақтаудағы жаңа қазақ-неміс институтында оқытады. Алғашқы 60 студент алдағы оқу жылында қабылданбақ.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Бұл үлкен өндіріске кадрлар дайындау, қолданбалы зерттеу орталығы ретінде Есенов университеті және соның жанынан құрылатын Неміс инженерлік университеті болып табылады. Келесі 7-10 жылда баламалы энергетиканы үлкен зерттеу орталығын Ақтау қаласында қалыптастыру керек.
Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды да талқылады. Былтыр осы дәліз арқылы ЕуроОдаққа тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 1,7 млн тоннаға жеткен. Оны енді 10 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Жалпы Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы жеткізілетін жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан өңірлік хабқа айнала бастады» дегені сондықтан. Штайнмайер де осы жолға ықылас танытып, Құрық портына арнайы барды. Инвестиция салар ма екен?
Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы саясат, мәдениет және экономика салаларындағы негізгі серіктесі деді Штайнмайер, Президентпен кездесуінде. Қазақстандағы ауқымды реформаларға құрметпен қарайтынын да айтты.
Франк-Вальтер Штайнмайер, Германияның федералды президенті:
Сіздің және үкіметіңіздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізіп жатқандығы, өлім жазасына мораторий енгізгені, Конституциялық сот құрғаны, Парламентті нығайтқаны Германияда мәлім. Бұл сіз президент ретінде өз қызметіңізді бастаған кезде әлемге және Қазақстан халқына жариялаған бағытыңызды ұстанып келе жатқаныңыздың дәлелі.
Осы мәлімдеменің өзі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен бизнес-климатына берілген бағаға ұқсайды. Тек, одақтасқысы келе беретін кей серіктестердің ықпалына түспеуге тырысу керек...
Данияр Қайыртай
Досжан Маратұлы
Аягөз Оралбайқызы
Жазира Оразқызы