Атакәсіп — ұлт мирасы!» Ақтөбе облысында осындай атаумен этнофестиваль өтті. Шара барысында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қой қырқудан, мал союдан сайыстар өтті. Ал, келіндер жүн түтіп, табақ тарту рәсімін көрсетті.
Бұл шара Жиренқопа ауылының аумағында, табиғат аясында ұйымдастырылды. Өнерпаздар ұлттық әндерді шырқап, күй күмбірлетті. Ал шаруалар асыл тұқымды қошқарларын көрсетті. Қаз-қатар тізілген шопан ата төлінің ішінен ең ірісі, асыл тұқымдысы таңдалды. Ал, мерекеге жиналған балалар қозы көтеруден сайысқа түсті.
Мерхат Айтқұлов, жарысқа қатысушы:
2020 жылы ма, 2021 жылы ма көкпарда көтердім.Екі реткөтердім де құлап қалдым.Мен өскенде мықты болғым келеді, сондықтан көтеремін қозыны.
Епті жігіттер қой қырқудан сайысқа түсті. Талап бойынша қой арнайы қайшымен қырқылады. Қазір өңірде қырықтыққа баруды табыс көзіне айналдырғандар көбейген.
Санжар Ілиясов, сайыс жеңімпазы:
Кеше 70 қой қырқып келдім.Тап кеше.Бір күнде бітірдім, бір үйдің малы. Бір күнде қырқып тұрған ең көп мал сол.Ал, уақытпен рекордым 4 мин, 6 секундта.
Ал енелер мен келіндер табақ тарту дәстүрін ел назарына ұсынды. Сондай-ақ, тары қайнатты, оны қуырып, кебегін ұшырды. Диірменге тартып, жент әзірледі. Келесі бір тобы қой жүнін кәдеге жарату жолдарын көрсетті. Бұл дәстүр Қобда ауданының ауылдарында қайта жаңғырып жатыр.
Юлия Панагина, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Әжелер клубы бар.Әжелер клубының барысында үзінді қып көрсетеді балаларға.Жүн қалай түтіледі, қалай иіріледі, көрпе қалай жасалады, қалай одан киім тоқылады.
Ал шеберлер мал терісінен қамшы өруді, сүйегінен түрлі кәдесый даярлауды үйретті. Сондай-ақ бұл күні садақ атудан, қазақ күресінен жарыстар өтті. Шара соңында мал шаруашылығымен айналысып, табысқа жеткен шаруаларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Жақсыбек Кемал