Алматыда 320 мың ағаш отырғызылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 320 мың ағаш отырғызылады

22.06.2023

Алматыдағы мектептерге жаппай қауіпсіздік жүйелері орнатылып жатыр. Сонымен қатар мемлекеттік балабақшалар да қажетті жабдықтармен қамтылмақ. Бұл туралы Астанада өткен брифингте қала басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді.

Алматыда 37 мың оқушыға арналған 22 жайлы мектеп салынады. Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша олардың құрылысы екі жыл ішінде бітеді. Сондай-ақ 3 970 орындық 9 білім беру объектісін іске қосу жоспарланған. Биыл осы мақсаттарға 315,3 млрд теңге бөлінді.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізу шеңберінде 206 мемлекеттік мектеп пен 8 интернатта оқу жылы басталғанға дейін турникеттер, өрт дабылы, дабыл түймелері және 2023 жылғы 1 қарашаға дейін бейнекамералар орнатылады. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін кешенді қауіпсіздік жүйесі барлық мемлекеттік балабақшаларда орнатылады.

Ал құрылысы жақында аяқталған Үлкен Алматы айналма автожолына алты радиалды жолды ұзарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Осылайша мегаполис жүктемесін орта есеппен 20% азайту жоспарланған. Әйтсе де, жол инфрақұрылымының негізгі проблемалары әлі де көп.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкмі:

2022 жылы пилоттық режимде жолдардың сапасын жақсарту үшін асфальт бетон қоспасына полимерлі қоспалар түріндегі жаңа материалдарды қолдандық. Биыл 6 шағын ауданда 25 км жаңа жол салуды және 200 км орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз, оның ішінде 15 магистралдық жолдарда полимерлік қоспаларды пайдалануды жоспарлап отырмыз.

Биыл қалада барлығы 320 мың ағаш отырғызылады. Сонымен қатар 5 жаңа саябақ ашылып және тағы бесеуі қайта абаттандырылмақ. Қала бойынша жасыл желек отырғызудың жаңа ережесі қабылданды. Ол қағида бойынша барлық жұмыстар суару жүйесінің ерекшелігін ескерілуі керек.


Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу