Маңғыстауда «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрт әлі өшірілген жоқ. Мамандар 13 күннен бері қызыл жалынды ауыздықтаудың жолын таба алмай жатыр.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
«Газ-су аралас бұрқақ әлі жанып жатыр. Жалынның биіктігі 7-10 метр. Ал жоба бойынша ұңғыманың тереңдігі - 1200 метр», - дейді мамандар. Төтенше оқиғаға байланысты арнайы штаб құрылған болатын. Қазір апатты жоюдың жоспары әзірленді. Жанып жатқан ұңғымаға көлбеу бағытталған екінші ұңғыманы салу үшін жеке техникалық жоба дайындалған. Оны бұрғылау мақсатында 2 алаңның құрылыс жүріп жатыр.
Сондай-ақ өрттің таралуын болдырмау үшін апаттық ұңғыманың айналасында үйінді жасау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейін, кен орнындағы өрт ұңғыманы жөндеу жұмыстары кезінде шыққан. Бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су қоспасы атқылап, содан өрт пайда болған.
Аягөз Оралбайқызы