Қарағандылықтар үшін ерте көктемде жолдардың асфальты қармен бірге «еріп» кетпеуіне кепілдік беретіндей үміт оты пайда болды. Енді барлық жөндеу, құрылыс жұмыстары, оған қатысушылар түгел тексеріледі. «Жалғыз портфельмен» мемлекеттік сатып алу байқауына түсетіндер мүлде шеттетіледі. Қалада биыл бірқатар жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп, кейбір асфальты болмаған көшелерге бульдозер табаны алғаш рет тиетін болады.
Биыл Қарағандыда жол жөндеу жұмыстары жылдағыдан кеш басталды. Себебі барлық жобалар ведомоствалық сараптамадан өтті. Соның негізінде жұмыс тәжірибесі мен техникасы жоқ фирмалар анықталды. Бұл өз кезегінде жол сапасын жақсартуға және құрылысқа бөлінетін қаражатты үнемді жұмсауға жол ашады.
Ғарышкерлер көшесіндегі жолды соңғы рет 7 жыл бұрын жөндеген. Ол кезде тек бетіне ғана жұқа етіп асфальт төсей салған. Бұл қаланың орталығына апаратын маңызды күрежол. Тәулігіне 10 мың көлік өтеді. Ескі жолдың ой-шұңқыры жүргізушілерді әбден мезі қылған.
Береке Халелин, қала тұрғыны:
Көктемде бұл көшелерді су басып, жаңағы жолдағы шұңқырлар автокөліктердің жүруіне кедергі болатын. Жөндеу жүріп жатқаны халыққа, қала тұрғындарына да дұрыс болды.
Қазір ұзындығы 4 шақырым жолға күрделі жөндеу жасалуда. Төрт жолақты, бұрыңғыдан анағұрлым кең болады. Ең бастысы бұрынғыдай су баспайды. Себебі бұрын-соңды мүлде болмаған суағарлар салынады.
Геворг Согоян, жоба жетекшісі:
Суағарларының өзі 2,5 шақырымдай. Бойында 4 үлкен су құйылатын құдықтары болады. Әрқайсысында сүзгіші бар. Тазартылған су ары қарай құбыр бойымен кетеді.
Жаңашыл жобалар арнайы ведомоствалық сараптамалар қорытындысы бойынша таңдалып алынған. Мамандар жұмыс сапалы істелуі үшін қажетті қаражатты құрылыс аумақтарында жолшылармен бірге жүріп көз жеткізген.
Григорий Ботнарь, қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Жаңа сараптамалық тексеру негізінде мердігерлік компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде қызмет бағасын 5 пайыздан артық төмен көрсете алмайды. Әдетте жұмыс тәжірибесі, техникасы, рұқсат құжаты жоқ фирмалар әйтеуір тендерді жеңіп алу үшін бағаны мейлінше түсріп бағады. Кейін жұмысты сапасыз орындап, жолдарға екі рет шығындалып жатамыз.
Биыл қалада 72 шақырым жол жөнделеді. Орташа жөндеу жұмыстары үшін 6 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде өмір бойы шаңы шығып жатқан 50 көшеге алғаш рет біртіндеп асфальт төселе бастайды.
Руслан Нұрланұлы