Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі аяқталды. Спортшыларымыз тарихи жетістікке қол жеткізді. Қоржында 1 алтын, 1 күміс пен 5 қола медаль бар. Жалпы командалық есепте төртінші орындамыз. 42 елдің 300-ден астам спортшысы бақ сынаған бәсекеде Испания бірінші сатыға жайғасса, Италия екінші, үздік үштікті Франция құрамасы түйіндеді. Жарыстың соңғы күнінде 18 дзюдошымыз ел намасын қорғады. Төртеуі қола жүлдеге таласты. 100 келіге дейінгі салмақта қос қазақстандық күресті. Ислам Бозбаев Бекарыс Сәдуақастан өзінің тәжірибелі екенін көрсетті. Сондай-ақ, 100 келіден жоғары салмақта Ғалымжан Қырықбай гүржі балуанын жеңді.
Ал әйелдер арасында 78 келіден жоғары салмақта белдескен Ақерке Рамазанова әлемдік рейтингте 22-орында тұрған Нидерланды өкілін бір минутқа жеткізбей жеңді. Бұл Ақеркенің «Grand Slam» турниріндегі алғашқы медалі.
Ақерке Рамазанова, дзюдошы:
Өзіміздің жерде болған соң медаль алғым келді, әрине. Алтын енді бұйырмады, осы қолаға да шүкір. Жартылай финалда өзім кішкене қателесіп кеттік. Өзім жасаған әдіске өзім түсіп қалдым. Кішкене асығыстық болып кетті.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының келісімшартына сәйкес еліміз әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін өткізеді. Бұдан бөлек, ұлттық құрама балуандары 3 күннен кейін өтетін Моңғолиядағы Grand Slam турниріне дайындықты бастады. Әзірге 17 спортшы тіркелген. Онда да Париж Олимпиадасының ұпайлары сарапқа салынады.
Асылбек Данияр