Елордада Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы өтті

19.06.2023

Орталық Азия елдерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық азаяр емес. Гендерлік алшақтық мәселесі әлі өзекті. Қыз-келіншектердің инновацияға мүмкіндігі төмен. Аймақтағы нәзік жандылар бұл проблемаларды енді бірлесе шешпек. Бүгін Елордада Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы өтті.

Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлі. Аймақ елдерінен жиналғандар алдымен осы тақырыпты талқылады. Еуропа мен Орталық Азия аумағында 60 млн аса әйел мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Салдарынан ер азаматтарға қарағанда оқу мен экономикалық даму мүмкіндіктерін тиісінше пайдала алмайды. Бұл БҰҰ-ның мәліметі. Мақсат осы олқылықты жою

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік теңдік, әйелдер құқығын қорғау мәселелеріне ерекше мән береді. Елдің даму деңгейі қоғамдағы әйелдердің статусымен өлшенетінін үнемі айтады. Бүгінгі тақырып бойынша инновацияны дамыту үшін заң аясында жоспарлы, кешенді жұмыс керек. Біздің басты мақсатымыз – Орталық Азияны тұрақты, экономикалық дамыған, гүлденген аймаққа айналдыру.

Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары:

Гендерлік паритет болған жерде дұрыс саяси шешімдер қабылданады. Сондықтан гендерлік теңдік және басқа да мәселелер бойынша елдеріміздің ғылыми сарапшылар ынтымақтастығын дамыту керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, қыздардың ерте жүктілігі, оларды күштеп отбасын құруға итермелеу секілді әлеуметтік қиындықтармен бірлесе күресейік.

Зорлық-зомбылық. Орталық Азия елдеріне ортақ проблеманың бірі әрі өзектісі. Тұрмыстық жанжалдан зардап шегетін келіншектер мен балалар саны азаяр емес. Бірақ, көбі қылмысты жасырады.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы:

Жалпы Орталық Азияның әйелдері бұл тақырыпта сөйлегісі келмейді. Табу сияқты. Бірақ бұл тақырыпты көтеру керек. Жантүршігерлік жағдайларды көріп жатырмыз. Диалогқа қатысатын негізгі адамдар - депутаттар. Оны тыңдап, талқылап, одан кейін елдегі заңнамамызға енгізуге тырысамыз.

Гулнора Маруфова, Өзбекстан Республикасы Олий мәжілісі комитетінің мүшесі:

Біз 10 заң мен 5 кодекске өзгеріс енгіздік. Тұрмыстық зорлық-зомбылық заңын осылай күшейтіп жатырмыз. Енді әйелдер мен балаларды ұрып-оғып, қинап, қорлық көрсеткендер ешқандай амнистияға ілікпейді. Әрі өмір бойына білім саласында қызмет ете алмайды.

Жаһандық жылыну. Климаттың өзгеруіне қыз-келіншектер де алаң. Су тапшылығы әйелдер проблемасын күрделендіре түседі. Шұғыл реттеу шарасы қажет десті.

Хилолби Курбонзода, Тәжікстан үкіметі жанындағы Әйелдер және отбасы істері комитетінің басшысы:

Соңғы жылдары климаттың өзгеруі қоғамдастықтың алд ында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Біз бұған бей-жай қарамауымыз керек. Жаңа бірлескен бағдарлама керек.

Орталық Азиядағы әйелдерді біріктіретін бұл бірінші алаң. 2,5 жыл бұрын құрылған. Осыған дейін Өзбекстан мен Түркіменстан жетекшілік етсе, биыл төарағалық Қазақстанға өтті. Аймақтағы белсенді әйелдердің күш-жігерін біріктіруге баса мән берілмек. Жиын соңында іс-шаралар жоспары қабылданды.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу