Қазалыда кәсіпкер әйел қамыс сатып, табысқа кенеліп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазалыда кәсіпкер әйел қамыс сатып, табысқа кенеліп отыр

19.06.2023

Қызылорда облысы, Қазалы ауданында кәсіпкер әйел қамыс сатып, табысқа кенеліп отыр. Кәдімгі далалық жерде қаптап өсетін шөпке әсіресе Еуропа елдерінен сұраныс жоғары.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Сыр бойында ең көп өсетін жабайы өсімдік ол қамыс. Бізде мұны көбіне кәдеге жарата бермейді. Ал еуропалықтар үшін бұл таптырмас құрылыс материалы. Мәселен, аймағымыздан жылына мың тоннаға дейін қамыс шет ел асып жатыр.

Қамысты табысқа айналдырған ауыл тұрғыны Венера Тайлақбаева он құрсақ көтерген батыр ана. Жолдасымен бірге теміржол саласында еңбек етіп, айлығы шайлығына жетпеген соң тың бизнестің көзін тапқан. Ол ең бірінші ауыл маңында өскен қалың қамысты қалайда кәдеге жарату жайын жоспарлаған. Кейін ғаламтор арқылы инвестор тауып, алға қойған мақсатын жүзеге асырған.

Венера Тайлақбаева, кәсіпкер:

Интернеттен тердім қамыс деп. Сол кезде бір екі фотоға көзім түсіп кетті. Үйлерді қамыспен төбесін жапқан. Сонымен зерттей келе ол технология Германияда пайда болғанын білдім. Алтын қандай болып бағаланса бізде Қазақстанда, қамыс Германияда дәл солай бағаланады.

Кезінде батыл қадамға барған Венера мен жолдасы осы кәсіпті бүгінде дөңгелетіп отыр. Үш жылдың ішінде Сырдың қамысын Еуропаға экспорттап, сұраныс жылдан жылға артып келеді. Қазір Германия ғана емес, Дания, Франция, Италия, Англияға дейін жөнелтіп жатыр.

Венера Тайлақбаева, кәсіпкер:

Тығыздылығы, қаттылығы жағынан, сарғыш түсі жағынан бар жағынан біздің қамысты алды. Қазір олар бізге күледі бірінші Германиядан бастап едіңдер, енді бүкіл Еуропаны жаулап бара жатырсыңдар деп.

Шаруашылықта 10-15 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Шет ел асатын қамысты сорттау да оңай шаруа емес. Шөптің ұзындығы 1,5 метрден қысқа болмауы керек. Әр жұмысшы күніне 150-200 бау қамыс әзірлейді.

Көбейсін Балымбетов, жұмысшы:

Тұрақты ғо жұмыс жақсы. Еңбек ақыңды аласың адал. Әйтеуір, сыртқа кеткеннен жақсы. Ақшамызды сол еңбегімізбен тауып жатырмыз. Тұрақты ғо жұмыс жақсы. Еңбек ақыңды аласың адал. Әйтеуір, сыртқа кеткеннен жақсы. Ақшамызды сол еңбегімізбен тауып жатырмыз.

Жалпы Қазалы ауданында 50 мың гектардай қамысты алқап бар. Кәсіпкер жергілікті әкімдіктен соның 2 мың гектардай нулы жерін жалға алуды сұрап отыр. Егер қолдау тапса, шетелдік технологияны өз елімізде жүзеге асыруға мүмкіндік бар.

Әділбек Серікұлы 

Хабарламаларға жазылу