Павлодарлық шаруалар қуаңшылықтан қорқып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық шаруалар қуаңшылықтан қорқып отыр

19.06.2023

Қуаңшылық қауіп төндіріп тұр. Осылай деген павлодарлық шаруалар биыл төрт түлікке азық тапшы болады деп алаңдаулы. Себебі шабарға шөп жоқ-дейді олар. Май ауданы биыл жем-азық дайындауға ерте кіріскенімен, қырда қылтанақ аз. Жылда шауып жүрген алқаптар күйіп кеткен. Ертіс жайылымында да шалғынды шөп сирек. Өйткені биыл өзен тасыған жоқ.

Дәулет Мұхаммедрахым, шаруа:

Осында наурыздың аяғында қар болды. Одан бері жаңбыр көрген жоқпыз біз. Жаңбыр жаумаған соң, қурап барады.

Дастан Оспанов, шаруа:

Шөп шабайық десек шөп жоқ, Құрғақшылық. Шөп алайық десек қымбат, егін алайық десек егінді қымбатқа сатады. Шөп жоқ шабатын., жауын жоқ.

Ал ауыл шаруашылығы басқармасы биылда алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Малдың қысқы жем-азығын дайындауға арзан бағамен 4 мың тонна дизель отыны бөлініпті. Оны тек қана шаруа қожалықтары ғана алады. Жеке адамдарға берілмейді.

Төлеген Көшербаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Бізде 1 млн 600 мың гектар шабындық алқап бар. Оған қоса өткен жылдан 250 мың тонна шөп қалды. Биыл еккен көп жылдық шөп бар. Осының барлығын қосқанда қажетті мал азығын дайындап аламыз.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу